Ақмола облысында онлайн санақ қалай өтіп жатыр

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Биылғы жылғы қыркүйектің 13-гі жағдай бойынша ақмолалықтардың 12,3 пайызы онлайн-режимде санақтан өз бетінше өтті. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы облыстық департаментінің басшысы Ербол Амамбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Департамент басшысының айтуынша, 1 қыркүйектен бастап халық санағы басталды, ол ағымдағы жылдың 30 қазанына дейін жалғасады.

«Қазіргі таңда қазақстандықтар ұлттық халық санағының сұрақтарына онлайн-режимде жауап бере алады. Бүгінгі күні облыс халқының 12,3 пайызы (90 862 адам), оның ішінде Көкшетау қаласы бойынша 10,1 пайызы (14 654 респондент) өз бетінше санақтан өтті», - дейді Ербол Амамбаев.

Қазіргі кезде респонденттер үшін онлайн режимінде халық санағын өткізудің бірнеше тәсілі қарастырылған. Яғни, мамандандырылған SANAQ.GOV.KZ сайты, AITU мобильді қосымшасы, EGOV.KZ порталында авторизациялау арқылы жүзеге асыруға болады.

«SANAQ.GOV.KZ сайты респонденттерге орналасқан жеріне қарамастан өз бетінше санақтан өтуге және өзіне және өз отбасы мүшелеріне санақ парақтарын толтыруға мүмкіндік береді. Сайт 2021 жылдың 15 қазанына дейін тәулігіне 24 сағат бойы қол жетімді. Онлайн санақтан өтпеген респонденттерден сұхбат алушылар 1-30 қазан аралығында планшеттерде жауап алады. Санақ кезінде мәліметтерді жинау үшін сәйкестендіруші ақпарат ретінде сұралатын адамның ЖСН пайдаланылатын болады, бұл мәліметтердің қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді. Интервьюерлер барлық қажетті құралдармен, жеке қорғаныс құралдарымен, арнайы нысанды киіммен қамтамасыз етіледі», - деп атап өтті Е.Амамбаев.

Осы ретте, санаққа қатысты барлық мәселелер бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін 1446 call-орталығына хабарласуға болады. Департамент басшысы ақмолалықтарды онлайн режимде санақтан өтуге шақырады.


Соңғы жаңалықтар