Ақмола облысында мыңдаған киік егінді таптап жүр

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысы Атбасар ауданындағы Есенгелді ауылының тұрғындары киіктердің егінді таптап жүргенін түсіріп, әлеуметтік желіге бейнежазба жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бейнежазбадан мыңдаған жабайы киіктің жаңа ғана шыға бастаған егін алқабында жайылып жүргенін көруге болады. Тұрғындар аңды автокөлікпен қуып әлек.

«Жылдан-жылға киіктердің саны артып келеді. Жануарлардың еркінсігені соншалықты, біздің нанымызды тартып жей бастады. Тіпті, адамдан, машинадан, ештеңеден қорықпайды! Бірнеше жылдан бері осындай жағдай. Егінімізді отап тастайды. Біз ештеңе жасай алмаймыз, өйткені олар Қызыл кітапқа енгізілген», - дейді бейнежазба авторы.

Тұяқты жануар шаруа қожалықтарының егінімен бірге, шабындығын да таптап, ауыл шаруашылығына орасан зиян келтіріп жатыр.

«Несиеге техника сатып алып, шамалы ғана жерімізге егін егіп, жан бағып отырған жандармыз. Ал, мына киіктердің санында шек жоқ, көбейіп барады. Сол егінімізге түсіп, қорлықтың көкесін көрсетіп отыр. Кеше 2-3 мың киікті егістіктен қуып шықтым. Тіпті, кейбір үйірлерде киік саны 30-40 мыңға дейін жетеді. Үкіметтен мына киіктер мәселесін бір жағына шығарып, шешімін табуды сұраймыз. Егін егеміз бе, әлде киік бағамыз ба?» - дейді Есенгелді ауылының тұрғыны Нұрбай Жүсіпов.

Осы ретте, ҚазАқпарат тілшісі өңірдегі киіктердің популяциясы туралы мәлімет алу үшін Ақмола облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына сауал жолдаған еді. Инспекция мамандары әзірге жауап бермеді.

Еске салсақ, Қазақстанда киіктердің санын анықтау және бақылау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Үкіметте айтқан еді.

Сондай-ақ, БҚО әкімі шаруалар мүддесін қорғау үшін киіктің санын реттеу қажеттігі туралы мәселе көтерген болатын.


Соңғы жаңалықтар