Ақмола облысында мемлекеттік тілге қатысты онлайн бейнероликтер байқауы өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақмола облысында «Қазақ тілі - бабамның тілі, баламның тілі» атты онлайн бейнероликтер байқауы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақ тіліне деген құрмет пен сүйіспеншілікке тәрбиелеу, қоғамның кез-келген орнында қазақ тілінде сөйлеуді насихаттау, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде қызметін нығайту мақсатында облыста көптеген шаралар ұйымдастырылып келеді.

Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы «Қазақ тілі - бабамның тілі, баламның тілі» атты онлайн бейнероликтер байқауын өткізді. Байқауға облыстың түпкір-түпкірінен 50-ге жуық бейнеролик келіп түсті.

Қатысушылар өздерінің бейнероликтерінде қазақ тіліне, ұлтқа деген құрметтерін көрсетіп, көпшілік қауымға қазақ тілінде сөйлеуді дәріптеді.

Қазылар алқасы байқауға ұсынылған бейнероликтердің байқау тақырыбына сәйкестігін; бірегейлігін; дыбыстық сүйемелдеудің болуын, бейне әсерлерін; жалпы эмоциялық қабылдауын, бейнероликтің техникалық сапасына мән берді.


«Мемлекеттік тілімізді халыққа насихаттауды, тілдің құдірет күшін, қасиетін түсіндіруді мақсат еткен бұл сайыстың мәні зор болды. Байқауға қатысқан барлық сайыскерлер өздерінің бейнероликтерінде тіл туралы өлеңдерді мәнерлеп оқу, күнделікті өмірдегі көрінестерден үзінділер келтіру, жұмыс барысындағы тәжірибелерін бөлісу арқылы көрсетіп шықты. Жастарымыздың тілді үйренуге, білуге, құрметтеуге деген сүйіспеншіліктері өте қуантады» - деді қазылар алқасының төрағасы Қаратай Байкенұлы.


Соңғы жаңалықтар