Ақмола облысында Мемлекет басшысының өңірге жұмыс сапары талқыланды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы әкімдігінде Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың өңірге жұмыс сапары талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде айтылғандай, соңғы екі жылда өңірде суармалы егіс көлемі біршама артқан. 2022 жылдары суармалы егіс көлемін тағы 17,7 мың гектарға ұлғайту жоспарланған. Тереңдетіп өңдеу жобаларын жүзеге асыру арқылы облыста ауыл шаруашылығы өнеркәсібінде еңбек өнімділігін 2,5 жарым есеге арттыру мүмкіндігі бар.

«Президенттің тапсырмасы бойынша А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми – өндірістік орталығының әлеуетін пайдалану қажет», – деп атап өтті аймақ басшысы.

Сонымен қатар, Ермек Маржықпаев етті және сүтті мал шаруашылығын дамыту бағытындағы бағдарламалар тәрізді қысқа мерзім ішінде суармалы егістік өңірлік бағдарламасын әзірлеу туралы тапсырма берді. Ауыл шаруашылығы жерлерінің үлесін арттыру, Бурабай және Щучье көлдерін тазалау, Көкшетау қаласында Қопа көлі мен Қылшақты өзенін тазалау бойынша жұмыстар жан-жақты талқыланды.

Мемлекеттік – жекешелік серіктестік шеңберінде Көкшетау қаласында сағатына 180 МВт электр қуатын және 450 Гкал жылу қуатын өндіретін жылу электр орталығын салу жоспарланған. Егер жыл соңына дейін словениялық инвестор өзіне жүктелген міндеттемені орындамаса, онда байқау өтпеді деп есептелінеді. Бұдан бөлек, Жарқайың ауданындағы Масалы темір кеніші базасындағы тау кен –металлургия кешенінің құрылысы үшін инвестор іздестірілуде.

Облыс орталығында су тазалау нысанын салу үшін 3,9 миллиард теңге, өңірдегі елді-мекендерді сапалы ауызсуымен қатамасыз ету үшін 40 миллиард теңге қаржының алдын ала есебі шығарылды.

Сонымен қатар, Щучье-Бурабай курорты аймағы және Нұр-Сұлтан қаласы айналасындағы елді-мекендердің инфрақұрылымы жобаларын жүзеге асыру, Целиноград және Аршалы аудандарын газдандыру бойынша мәліметтер тыңдалды. Аршалы ауданында жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу кестесінің бұзылуына жол берілгені айтылды. Жалпы, 20 елді мекенде 1 022 шақырым газ тарату желісі салынды. Құрылыс монтаждау жұмыстары желтоқсан айында басталып, 2021 жылдың соңында аяқталады.

Бұдан әрі аппарат кеңесінде «қарапайым заттар экономикасы» бойынша жобаларды жүзеге асыру, әлеуметтік маңыздағы азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру, үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесі де сөз болды.Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы Е.Маржықпаев жоспарлы көрсеткіштерге орындамаған бірқатар басшылардың тәртіптік жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Соңғы жаңалықтар