Ақмола облысында қоғам өкілдері азық-түлік бағасын бақылауға алды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында қоғам өкілдері әлеуметтік маңызы бар азық - түлік тауарларының бағасын бақылауға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар азық - түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында «Ақмола-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің аумақтық департаментімен және «Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалымен бірлесіп Көкшетау қаласының ірі сауда орталықтары мен базарларында баға мониторингін жүргізді.

«Мониторинг барысында жұмыс тобы әлеуметтік маңызы зор азық-түлік тауарларының бағасын көтеріп сатқанын анықтады. Мысалы, Ағымдағы жылдың 1-ші тоқсанында картоптың 1 кг үшін шекті баға 96 теңге деп белгіленді. Алайда, наурыздың 17-де қаланың сауда нысандарының бірінде картоп 130 теңгеден немесе шекті бағасынан 35,42 пайыз қымбатқа сатылды. Тағы бір сауда орталығында 1 кг үшін шекті бағасы 211 теңге бола тұра қант 220 теңгеге сатылды. 1-ші сортты бидай ұнының да белгіленген бағасынан 40,38 пайызға қымбатқа сатылғаны анықталды. Ал, тауық жұмыртқасының он данасы 253 теңгенің орнына 385 теңгеге сатуға қойылған», - дейді ведомстводан.

Мониторинг қорытындысы бойынша талдау анықтамасы жасалды, ол бағаны негізсіз көтеруге монополияға қарсы ден қою шараларын қабылдау үшін тиісті органдарға жіберілді. Тікелей эфир өткізіліп, жүргізілген мониторинг нәтижелері айтылды, сондай-ақ, азаматтардан келіп түскен сауалдарға жауаптар берілді.

«Анықталғандай, елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты әлеуметтік маңызы бар азық- түлік тауарларына сұраныс жоғары. Өкінішке орай, біз өңірдегі кейбір теріс пиғылды кәсіпкерлер тарапынан азық-түлік бағасының қымбаттауына жол берілген. Осыған байланысты тұрғындарды дүрлікпеуге шақырамыз. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасы қатаң бақылауда болады. Осы мақсатта волонтерлерді тарта отырып, мониторингті тұрақты түрде жүргізіп отырамыз», - деп атап өтті «Ақмола-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Самира Тәйтенова.


Соңғы жаңалықтар