Ақмола облысында инклюзивті театрлар фестивалі өтеді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облыстық орыс драма театры (АОРДТ) келесі жылы Көкшетауда Халықаралық инклюзивті театрлар фестивалін өткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне аталмыш театр директоры Бейбіт Бақтыгереев айтты.

Осыдан алты жыл бұрын Ақмола облыстық орыс драма театры «Бізге бірдей болу міндетті емес» инклюзивті жобасын бастады.

«Бастапқыда бізде церебралды сал ауруы бар мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған театр үйірмесі болды. Бұл жоба сәтті өтті, біз олармен бірге екі спектакль шығардық – «Колобок» және «Теремок». Сол кезде біз балалардың өздерін ғана емес, олардың ата-аналарын да қуантқан едік», - деп бөлісті Б.Бақтыгереев.

Көп ұзамай «Бізге бірдей болу міндетті емес» жобасы аясында жаңа – «Жүректен есту сыйы» жобасы пайда болды. Оның арқасында режиссер Тимур Валиев театрда екінші жыл сахналанып келе жатқан «Му-Му» спектаклін қойды. Қойылымға есту қабілеті нашар актриса қатысады. Осы күні жоба «Қасқыр мен жеті бала» музыкалық ертегісінде жалғасын тауып отыр. Оның көрсетілімі 20 желтоқсанда Ақмола облыстық орыс драма театрында өтеді.

«Қойылымды 15-18 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балалардың ересектер тобына арналған театр үйірмесі жүзеге асырады. Осындай балалармен жұмыс тәжірибесі бар Тимур Валиев пен Анна Бронникова балалармен жұмыс істейді. Айтпақшы, «Му-Му» қойылымын Тимур Валиев те жүзеге асырған, сол кезде біздің актерлермен ымдау тілінің маманы арнайы жұмыс істеген», - деп толықтырды Б.Бақтыгереев.

Театр директорының айтуынша, дайындықтар өте қызықты өтуде. Бір жағынан балалар қарапайым өмірге және қалыпты қарым-қатынасқа үйренсе, педагогтер шыдамдылықтарын шыңдай түсуде.

«Елімізде инклюзивті театрлар пайда болғаны қуантады. Айта кетейік, келесі жылы Көкшетауда инклюзивті театрлардың халықаралық фестивалін өткізуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта Вахтангов фестивалі бізді осыған жетелейді. Бұл «Қазақстан – Ресей» бірлескен жобасы болмақ. Осы фестивальге көкшетаулықтарды барынша тартуды жоспарлап отырмыз. Қонақтарды көкшетаулықтардың отбасыларына, жалпы білім беретін мектептерге, университеттерге шақырамыз. Яғни, фестивальге театр ғана емес, бүкіл қоғамымыз қатысатын болады. Қонақтар қоғамдық орындарға барады, және біз олардың дәл біз сияқты екенін дәлелдеуіміз керек. Мен өз басым «инклюзивті», «шектеулі» деген сөздерді айтқым келмейді. Өйткені, олар біз сияқты қарапайым адамдар, сондықтан оларға тең қарау керек», - деп түйіндеді директор.


Соңғы жаңалықтар