Ақмола облысында ХҚКО жұмысындағы жемқорлық мәселелері талқыланды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы бойынша жемқорлық алғышарттарын жою бойынша жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшылары мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ облыстық филиалы өкілдері қатысты.

Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мәліметінше, аудандық мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы біріндегі лауазымды тұлғаларына қатысты ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабы негізінде іс қозғалған.

«Қылмыстық статистика көрсеткендей, 2018 жылдан бастап облыстық Антикор «Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ филиалы мен оның бөлімшелерінің қызметкерлеріне қатысты 17 қылмыстық істі тіркеді», - деді ведомстводан.

Қайта құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствосы ЖҚЕ білу емтихандарын тапсыру кезінде бақылауды күшейтуді, барлық құрылымдық бөлімшелердің тестілеу кабинеттерінің тексеру іс-шараларын ұйымдастыруды, бағынышты қызметкерлердің жұмысына тиісті бақылауды қамтамасыз етуді ұсынды.

«Кездесу барысында қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамадағы соңғы өзгерістер түсіндірілді. Атап айтқанда, квазимемлекеттік сектор ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер институты құрылды, сыбайлас жемқорлық үшін сотталған адамдарды кез келген квазимемлекеттік сектор лауазымына қабылдауға толық тыйым салынды», - деп толықтырды ведомстводан.

Департамент басшылығы мемлекеттік қызметтердің сапасын қамтамасыз ету сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның мақсаттарының бірі болып табылатынын атап өтті. Осы ретте, филиал басшылығы қызметкерлердің мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнама нормаларын сақтауын бақылауды қатаңдату, сондай-ақ мамандандырылған ХҚКО қызметінің айқындығы мен ашықтығын арттыру қажет.


Соңғы жаңалықтар