Ақмола облысында экономикалық жоспарлы индикаторлар орындалды - әкім

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өңдеуші өнеркәсіп үлесі 82 пайызға жетті. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылғы 5 айдың қорытындысы бойынша экономиканың көптеген бағыттарында жоспарлы индикаторлар орындалды. Біздің мақсат – әртараптандырылған әрі технологиялық экономика құру. Облыс біртіндеп дәстүрлі аграрлық бағыттан агро-индустриалды негізге ауысып жатыр. Өңдеуші өнеркәсіп үлесі 82 пайызға жетті. Инвестициялардың өсімі экономикалық белсендіктің драйвері болды. Жыл басынан бері экономикаға 100 млрд теңгеден астам қаржы бағытталып, өсім 17 пайыз деңгейінде байқалды», - деді Е. Маржықпаев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, «Бизнестің жол картасы 2025» және «Еңбек» бағдарламаларының аясында шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетіледі, олар бойынша биыл өткен жылғы деңгейге қарағанда 28% өсуімен 8,5 млрд теңге бөлінді.

Жалпы, есептік кезеңде «Бизнестің жол картасы» бойынша 1,7 млрд теңгеге 500-ден астам жоба қолдау тапты.

«Өңірлік бизнес «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына белсенді қатысады. Ағымдағы жылы 9,2 млрд теңгеге 47 жоба қаржыландырылды. Ол 1300 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», - деді әкім.

«Азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетуге және жұмыспен қамтылуына ерекше назар аударылады. Жалпы, түрлі бағдарламаларды іске асыру есебінен еңбек нарығында шамамен 17 мың, оның ішінде 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылатын болады. Жыл басынан бері әлеуметтік төлемді 20 мыңнан астам адам алды», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар