Ақмола облысында дауылдан тағы бір адам қаза болды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – 7 сәуір күні Ақмола облысында болған дауыл салдарынан тағы бір адам көз жұмды. Бұл туралы Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов онлайн-брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімінің айтуынша, дауылдан түрлі дене жарақатын алған 17 адам Ақмола облыстық көпбейінді аурханасына жүгінген. Оның ішінде 24 жастағы ер адам бассүйек-ми жарақатынан көз жұмды.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам 7 сәуір, кешкі сағат 19:06-да Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасына «эпидуралдық қан құйылу (травмадан), жабық бассүйек-ми жарақаты, бассүйектің негізгі бөлігіне өткен желке сүйегінің сынуы, сол жақ желке тұсының және сол жақ қарағұсының эпидуралды гематомасы, бас миының ауыр деңгейдегі жарақаты» диагнозымен жеткізілген.

«Кешкі сағат 22:00-де бас сүйегіне трепанация жасалды. Сол жақ эпидуралды гематома алынды. Отадан кейін жағдайы өте ауыр болды. Өкпеге жасанды желдету аппараты қосылды. 8 сәуірде биологиялық өлімі тіркелді. Себебі - мидың ісінуі», - деді Денсаулық сақтау басқармасынан.

Еске салайық, 7 сәуірде ойрандаған дауылдан Көкшетау және Степногор қалаларында, сондай-ақ 12 ауданда мектеп, аурухана, балабақша тәрізді 43 әлеуметтік нысан, 70 тұрғын үй және 6 коммерциялық нысанның шатыры желмен ұшқан болатын. Ал Бурабай ауданының Ұрымқай ауылында «Машина сарайы» ЖШС шатыры ұшып, 40 жастағы ер адам көз жұмған еді.


Соңғы жаңалықтар