Ақмола облысында бір түнде 138 адам құтқарылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Қатты боран Ақмола облысында автокөлік пен жолаушылардың қатынауына кедергі келтіріп тұр. Өткен түні 26-27 қаңтар аралығында облыс жолдарында қар құрсауынан 138 адам құтқарылды, олардың 13-і бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ақкөл ауданында Ақкөл қаласының бекетінен «Нұр-Сұлтан-Щучье» автожолы учаскесінің жабылуына байланысты, Тәжікстан Республикасынан Ресейдің Түмен қаласына бағыт алған «Van Hool» жолаушылар автобусы жолда қалып, көлік ішінде болған 61 адам аудандық мәдениет үйінің жылыту пунктіне жеткізілді. Жолаушының арасында 2 бала бар, басқа адамдардың ешқайсысы медициналық көмекке мұқтаж емес екен. Құтқару жұмыстары бүкіл облыс бойынша жүргізілуде. Өткен түні 26-27 қаңтар аралығында облыс жолдарында қар құрсауынан 138 адам құтқарылды, олардың 13-і бала. Бұдан бөлек, автожолдардың жабылуына байланысты Ақкөл және Бурабай аудандарындағы жылыту пункттеріне 68 адам эвакуацияланды», - деді Ақмола облысы ТЖД бастығының орынбасары Қанат Доспаев.

Ведомствоның мәліметінше, ең күрделі жағдай Ерейментау ауданының аумағында «Нұр-Сұлтан-Павлодар» бағытындағы автомагистральда қалыптасты. Аталмыш автомагистраль 22 қаңтардан бастап көліктің барлық түрі үшін жабық. Алайда автокөлікті өткізу жол қызметі, ТЖД мен Жергілікті полиция қызметі өкілдері көліктер колониясын ілестіріп қажетті жерге шейін жеткізуді ұйымдастырды. Осыған ұқсас жағдай Целиноград, Ақкөл, Шортанды аудандарының аумағында «Нұр-Сұлтан-Көкшетау» бағытындағы күре жолда да қалыптасып отыр. Қазіргі уақытта блок-бекеттерде 601 көлік тұр.

«Жалпы, облыстың автомобиль жолдарында қар тазалайтын 141 арнайы техника жұмыс істеуде. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдарға 91 бірлік техника және облыстық маңызы бар автожолдарға 50 техника жұмылдырылған. Ақмола облысы ТЖД Ақмола облысының тұрғындары мен қонақтарына ауа райы жақсарып, жол ашылғанға дейін елді мекендер аумағынан алысқа шықпауға кеңес береді», деп толықтырды ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.


Соңғы жаңалықтар