Ақмола облысында азық-түлік ваучерін құру ұсынылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда «өңірдің тұрақтандыру қорындағы әлеуметтік мәні зор азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру механизмдерінің тиімділігі» тақырыбымен онлайн өткен дөңгелек үстелде азық-түлік ваучерін құру ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның коммунистік халық партиясының (ҚКХП) Ақмола облыстық комитеті ұйымдастырған шараға жергілікті кәсіпкерлер, тауар өндірушілер, облыстық статистика департаментінің, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының, «Есіл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы ҰК» АҚ басқармасының басшылары мен жергілікті жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері қатысты.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Жаслан Әбдірахманов атап өткендей, өңірде аймақ басшысының өкімімен тұрақтандыру қорын қалыптастыру және пайдалану бойынша шешім қабылдайтын комиссия құрылды. Тұрақтандыру қорын ұлғайту үшін бюджеттен 650 миллион теңге қаржы бөлінген.

Ал, облыстық статистика департаментінің басшысы Ермек Мусинаның мәліметінше, әлеуметтік мәні зор азық-түлік тауарларының бағасы бөлек бақыланады. Он тоғыз негізгі көрсеткіш Көкшетау қаласындағы сегіз сауда нүктесінде салыстырылады.

Жиында айтылғандай, әлеуметтік мәні зор азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруда біраз мәселе бар.

«Ауылда тұратын халық мал ұстағысы келмейді. Оның себебі тереңде жатыр. Яғни, жемшөп қымбат. Жайылым жерлері жоқ. Көп жер телімдері бақылаусыз, ірі көлемде үлкен фирмаларға бөлінді. Сол себепті мал ұстайдын шаруаларға мал азығын дайындауда қиындықтар туып отыр. Бұдан бөлек, азық-түлік өнімдері қала дүкендері мен базарларына тікелей емес, делдал арқылы жеткізіледі. Осының барлығы ауыл шаруашылығы азық-түліктің қымбаттауына әкеліп соғып отыр», - деді дөңгелек үстелге қатысушылар.

Тағы бір себеп бар. «Көкше» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы ҰК» АҚ басқармасының басшысы Ербол Жақсылықов атап өткендей, компания біраз үзілістен кейін былтырғы жылдың қараша айынан ғана жұмысын бастады. Сол себепті қажетті біраз әлеуметтік мәні зор азық-түлік тауарлары әлі сатып алына қойған жоқ.

«100 теңгеден 2 мың тонна ұн сатып алынды. Бұл бірінші сортты нанның бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік берді», - деді ол.

Жиын соңында дөңгелек үстелге қатысушылар азық-түлік ваучерін құру туралы ұсынысын айтты.


Соңғы жаңалықтар