Ақмола облысында азық-түлік бағасы қалай тұрақтандырылуда
2022 жылғы 26 қаңтар 11:21

Ақмола облысында азық-түлік бағасы қалай тұрақтандырылуда

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінше, бизнес субъектілері арасында бағаның алыпсатарлық өсуіне жол бермеу және көзделген жауапкершілік шаралары туралы кең түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, сауда нысандарында сауда үстемесінен 15 пайыздан асып кету жағдайларын анықтау мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына күнделікті мониторинг ұйымдастырылып тұрады. Құқық бұзушыларға ескерту түріндегі жауапкершілік шаралары қолданылады, қайталап бұзған кезде айыппұл санкциялары көзделген.

«Азық-түлік тауарларына баға белгілеудің барлық тізбегі бойынша кәсіпорындар басшыларының қатысуымен мониторингті талдау жүргізіледі. Оны ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, қайта өңдеу өнеркәсібі, көтерме және бөлшек сауда саласындағы кәсіпкерлер, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған облыс әкімдігі жанындағы Комиссия жүзеге асырады. Нәтижесінде сауда желілеріне тауарларды тікелей жеткізу жолға қойылады, өнімсіз делдалдардың буындары алынып тасталады», - дейді ведомстводан.

Өңірлік тұрақтандыру қорынан және «айналым тетігі» бойынша жасалған шарттар шеңберінде «Kokshe» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының төрт әлеуметтік дүкені арқылы тауарларды жеткізу және сату тұрақты жүзеге асырылуда. Айта кетсек, бұл заманауи сауда нысандары жергілікті бюджет есебінен салынған.

«Осылайша, «айналым тетігі» шеңберінде азық-түлік тауарларының 9 түрі бойынша 1,6 миллиард теңгеге жеңілдікпен несиелер берілді. Облыстың тұрақтандыру қорына 3 мың тоннадан астам тауар сатып алынды, тағы 6 мың тоннаға жуық келісімшарт жасалды. Ауа райы жағдайларын ескере отырып, облыс өңірлерінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу қайта жаңғыртылатын болады. Жалпы, қабылданып жатқан шаралар Мемлекет басшысының инфляцияны тежеу жөніндегі тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді», - деп толықтырды ведомстводан.

Айта кетсек, биылғы жылдың басынан бері Ақмола облыс бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарларға баға индексі 0,2 пайызды құрады. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен (0,3 пайыз) төмен және республика бойынша 6-орында тұр.


Jańalyqtar

MURAǴAT