Ақмола облысында ауыл шаруашылығына бөлінген қаражатты жымқырған шенеунік күдікке ілінді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында лауазымды тұлға ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Онлайн кездесуге 124 өкілден тұратын Министрліктің ведомстволық бағынысты мекемелері мен кәсіпорындарының басшылығы да қатысты.

Қатысушылар кәсіпорын директорына және басқа тұлғаларға қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс аясында (ҚР ҚПК 200-бабының негізінде енгізілген) ұсынуды қарады.

Атап айтқанда, сотқа дейінгі тергеу барысында ауыл шаруашылығы саласында маманданған ұйымның басшысы жүйелі негізде басқа адамдармен бірге мемлекеттік бағдарламаны іске асыру шеңберінде аграрлық ғылымды қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыру әрекеттерін жасағаны анықталды.

Қылмыстық қудалау органының қорытындысына сәйкес құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайлар жоғары тұрған мекеме тарапынан ведомстволық бағынысты ұйымның қызметіне тиісті бақылаудың болмауы және лауазымды тұлғалардың нормативтік құқықтық актілердің талаптарын өрескел бұзуы болды.


Осыған ұқсас фактілерді болдырмау мақсатында кінәлі тұлғаларға қатаң тәртіптік сипаттағы шараларды қабылдау, бағыныштылардың тәртібі мен қызметіне бақылауды күшейту, қызметкерлер арасында тиісті алдын алу жұмысты ұйымдастыру, ведомстволық бағынысты ұйымдардың бірінші басшылары үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің талаптарын әзірлеу және бекіту, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауды уақтылы және сапалы жүргізу ұсынылды.

Облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Мұрат Төлеубаев кездесу қатысушыларға Мемлекет басшысы бекіткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген түзетулерді түсіндірді.

«Өкінішке орай, биылғы жылы ауыл шаруашылығы саласындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсуі байқалады. Мемлекет жыл сайын көп бюджет қаражатын бөлетініне қарамастан, жосықсыз адамдардың сыбайлас жемқорлық әрекеттері ауыл шаруашылығы саласының дамуын айтарлықтай тежейді. Сондықтан, басшыларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл бойынша алдын алу жұмысын және бағыныштылардың қызметіне бақылауды күшейтуге шақырамын», -деп қорытындылады Мұрат Төлеубаев.


Соңғы жаңалықтар