Ақмола облысында антикор гуманитарлық көмектің бөлінуін бақылауға алды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті «Ақмола-адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен, Арнайы мониторинг тобымен, сондай-ақ Қоғамдық бақылау тобының өкілдерімен бірлесіп түрлі елдерден апта сайын келіп түсетін гуманитарлық көмектің бөлінуін бақылауға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, гуманитарлық көмекті «СҚ-Фармация» ЖШС қабылдайды, содан кейін Денсаулық сақтау министрлігімен келісім бойынша бөлу қағазы қалыптастырылады және ел өңірлері бойынша жүк тасымалдау жүзеге асырылады.

Ақмола өңірінде облыстық Денсаулық сақтау басқармасы гуманитарлық көмекті бөлуді айқындайды. Соңғы бірнеше апта ішінде облысқа жеке қорғану құралдары мен медициналық бұйымдар түріндегі гуманитарлық жүк жеткізілді (Катар, Ресей, Қытай, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Түркия, Өзбекстан, Израиль, Грузия, «Хуавей Текнолоджиз Қазақстан» ЖШС).

Сондай-ақ, Ресейден «Коронавир» таблетка препаратының 230 орамы, «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорынан «Авифавир» таблеткадағы 176 орамы, Түркиядан «Гидроксихлорохин» 600 орамы жеткізілді.

«Қазіргі таңда Катар, Ресей, Қытай, ДДСҰ, Түркия, Өзбекстаннан келген гуманитарлық жүк Ақмола облысының аудандары мен қалаларының медициналық ұйымдарына таратылып, жеткізілді.

Бұдан бөлек, жақын арада Польшадан (дәрі-дәрмектер), Түркиядан (медициналық қорғаныс маскалары мен костюмдері, дәрі-дәрмектер) және ДДСҰ-дан (медициналық бұйымдар) гуманитарлық көмек түседі деп күтілуде.

Департамент қызметкерлері тұрақты түрде Денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық мекемелердің өкілдерімен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды ұрлау мен қайта сатуды болдырмау мақсатында әрбір қаптамаға «Гуманитарлық көмек.Тегін.Сатуға болмайды» мөрі қойылады», - дейді ведомстводан.

Айта кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұсынымы бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау шеңберінде «СК-Фармация» ЖШС ресми сайтында коронавирустық инфекция пандемиясы жағдайында Қазақстанға түрлі мемлекеттерден келіп түсетін гуманитарлық көмекті бөлудің қоғамдық мониторингі үшін арнайы бөлім құрылды.

Мемлекетке «СҚ-Фармация» арқылы келіп түсетін гуманитарлық көмектің түсуі және өңірлерге бөлінуі туралы ақпаратты сайттан көруге болады.

«Дәрі-дәрмектердің бағасын негізсіз көтеруге және олармен алыпсатарлыққа жол бермеу мақсатында департамент уәкілетті органдармен және жұртшылықпен бірлесіп медициналық мекемелер мен дәріханаларға мониторинг жүргізеді. Қазіргі уақытта облыстың 300-ден астам дәріханасы, 30 аурухана мен емхана, 12 қоймасы бақылауға алынған. Барлығы 30 бұзушылық анықталды, оның ішінде 27 дәрі – дәрмектің бағасын көтеру фактісі, 1 арнайы үй-жайлардан және дәріханалардан тыс сату фактісі, 1-басқа да бұзушылықтар. Осыған қатысты 9 әкімшілік хаттама толтырылды», - деп толықтырды ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар