Ақмола облысында әл-Фараби 1150 жылдығына орай қандай шаралар өткізілетіні белгілі болды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Әл-Фараби және оның рухани мұрасы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапхасында ұйымдастырылыған шарада аймақ басшысы Ермек Маржықпаев Әл-Фарабидің 1150 жылдығы халықаралық деңгейде UNESCO аясында аталып өтілетіндігіне тоқтала келе, облыс аумағында жыл бойына 500-ден астам іс-шара өткізу жоспарланып отырғандығын жеткізді.

«Жалпы, биыл облысымызда әл-Фараби бабамыздың мерейтойына орай әр түрлі форматта іс-шаралар өткізу жоспарланған. Соның бірі - ұлы ойшыл, ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерімен тереңірек оқырман қауымды таныстыру мақсатында бүгін ұйымдастырылып отырған ғылыми-практикалық конференция. Бұдан бөлек, маусым айында Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығының «Фараб-Отырар өркениеті» археологиялық көрмесі ұйымдастырылады. Сондай-ақ, жыл бойы мәдениет, білім салаларында түркітілдес елдер Түркия, Өзбекстан Республикаларының кітапханаларымен онлайн түрде телекөпір жүргізіледі, ғылыми-практикалық конференциялар сериясы, музей сабақтары және лекциялар, дөңгелек үстелдер, барлық санаттағы аудиторияны тарту мақсатында ақпараттық көрмелер ұйымдастырылады», - деді аймақ басшысы Ермек Маржықпаев.

Сонымен қатар, конференцияда Түркияның Анкара қаласындағы Хажи Байрам Вели университетінің профессоры Конуралп Ержиласун бей, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі әл-Фараби ғылыми зерттеу орталығының ғылыми кеңесшісі, философия ғылымдарының докторы Жақыпбек Алтаев, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ философия ғылымдарының докторы, профессор, ғалым Ғарифолла Есім, философ, теолог, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Түркістан мемлекеттік университетінің араб тілінің оқытушысы Досай Кенжетай, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ шығыстану кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Самал Төлеубаева, Әл-Фараби атындағы ҚҰУ тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлнар Мұқанова және Ш,Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ғалымдары мен тарихшыларының Әл-Фараби және оның рухани мұрасы туралы тақырыптарда баяндамалары тыңдалды.



Соңғы жаңалықтар