Ақмола облысында 5 млн теңге пара алған басқарма басшысы жеті жылға сотталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының бұрынғы басшысы Р.Бикенов пен облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы басшысының орынбасары И.Әкімоваға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Көкшетау қалалық сотының үкімімен Р.Бикенов ҚР ҚК 28 - бабының 3 -бөлігі, 189- бабының 3- бөлігі 2,3 -бөлімшелері, 366-бабының 3 -бөлігі 3,4 -бөлімшелері бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сонымен қатар, ол өмір бойына мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айырылды», - дейді соттың баспасөз қызметіндегілер.

Ведомстводан атап өткендей, бұдан бөлек, ҚР ҚК 49- бабының 2 -бөлігі бойынша Р.Бикенов ҚР «Құрмет» ордені мемлекеттік наградасы, «Ерең еңбегі үшін» медалінен айыру туралы ұсыныс жасалды.

«Ал, ҚР ҚК 189 -бабының 3 -бөлігі 2,3- бөлімшесі бойынша кінәлі деп танылған И.Әкімова 3 161 290 теңге көлемінде айыппұл салынды. Және оны өмір бойына мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айырды», - деп толықтырды ведомстводан.

Сотта белгілі болғандай, Р.Бикенов пен И.Әкімова Ақмола облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының жанындағы облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығына 3 161 290 теңге залал келтірген.

Еске сала кетейік, өткен жылдың қазан айында Ақмола облысының мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының бұрынғы басшысы Р.Бикенов 5 миллион 700 мың теңге пара алды деген күдікпен ұсталған болатын.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар