Ақмола облысында 440 шақырым жолды жөндеу және қайта жаңарту жоспарланып отыр

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында 440 шақырым жолды жөндеу және қайта жаңарту жоспарланып отыр.

Бұл туралы аймақ басшысы Ермек Маржықпаев «2019 жылғы әлеуметтік–экономикалық даму қорытындысы және 2020 жылдың негізгі міндеттері туралы» халық алдындағы есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аймақ басшысы атап өткендей, өңірде көлік коммуникацияларының тиісті деңгейде болуы үшін мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Бұл міндеттерді шешуге жергілікті билікке арнайы тапсырма берілген.

Өткен жылы облыста жол-көлік жүйесін жақсарту бойынша біршама жұмыс атқарылды. Барлығы 400 шақырымнан астам жергілікті маңызы бар жолдар мен көше-көлік желілері жаңартылды, оның 190 шақырымы ауылдық жерлерде.

Аймақ басшысының айтуынша, биылғы жылы да осы бағыт бойынша нақты міндеттер белгіленген. Облыстық маңызы бар 440 шақырым жолды жөндеу және қайта жаңарту жоспарланып отыр.

Биыл Көкшетауға баратын жолды қайта жаңарту аяқталады және Елордаға қатынайтын оңтүстік-батыс айналма жолдың құрылысы жалғасады.

«Үш жыл көлемінде барлық аудан орталықтарындағы жолдарды жөндеуді жоспарлап отырмыз. Осы жылы 6 аудан орталығындағы жолдар жөнделеді. Сонымен қатар, облыстың барлық өңірлеріндегі кентішілік жолдарын жөндейтін боламыз», - деп атап өтті Ермек Маржықпаев.

Биылғы жылы Краснояр кентінің дамуына көңіл бөлінді. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 30 шақырымнан астам көше жолдары, оның ішінде 25 көше және «Нұрлы көш» тұрғын үй алабының жолдары жөнделеді.

Облыс орталығында Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастық форумына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл - Қопа көлінің жағасындағы жол мен көпірдің құрылысы, Назарбаев даңғылы мен Жүнісов көшесі, Назарбаев даңғылы мен Абай көшесі қиылысындағы жолды қайта жаңарту, «Васильковка» және «Центральный» шағын аудандары арасындағы жолды орташа жөндеу.

Жалпы, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 5626 шақырымды құрайды. Оның 2661 шақырымы облыстық, 2965 шақырымы аудандық маңыздағы жолдар.


Соңғы жаңалықтар