Ақмола облысында 412 шақырым жол жөнделді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 412 шақырым жол және көше жолы желісі жаңғыртылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, Ақмола облысында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 7886,5 шақырымды құрайды. Оның ішінде 2260,5 шақырым республикалық, 2661 км облыстық және 2965 шақырым аудандық мақсаттағы жолдар. Бұдан бөлек, 191 көпір, 3233 су өткізу нысаны бар. Бүгінгі таңда, басқарма тарапынан көліктік коммуникация және елді-мекендердегі көше-жолы желісінің жағдайы мен күтіп ұстау жұмыстары жүргізілуде.

«Биылғы жылы облыстық және аудандық мақсаттағы автомобиль жолдарын, елді-мекендердегі көше-жолы желісін жөндеу үшін 21,6 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның 14,7 миллиард теңгесі республикалық, 6,9 миллиард теңгесі облыстық бюджеттен. Осы қаржыға барлығы 412 шақырым жол және көше-жолы желісі жаңғыртылды. Нақтылап айтсақ, құрылыс және қалпына келтіру-58,5 шақырымда, күрделі жөндеу-34,3 шақырымда, орташа жөндеу-252 және ағымдағы жөндеу 66,5 шақырымда жүргізілді.

Сонымен қатар, 96 су өткізу нысанында күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, 480 жол белгісі мен 358 дыбысты бағандар орнату жоспарланған»,- дейді басқарма басшысы Арсен Жанғасқанов.

Сонымен қатар, ол Нұр-Сұлтан қаласының айналасындағы елді-мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамыту кешенді жоспарын жүзеге асыру және 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде біраз жұмыстар атқарылғанын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар