Ақмола облысында 3 мың адамға жеткілікті дәрі-дәрмек қоры бар

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастарды емдеу үшін қажетті дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Бұл туралы брифингіде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нариман Сыздықов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, облыстың медициналық ұйымдарында коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастарды емдеуге арналған дәрілердің қалдықтары бар. Бұл 55 миллион теңге көлеміндегі ривароксабан, апиксабан, дабигатран, парацетамол және ибупрофен. Бүгінде 681 адам 10 миллион теңгенің дәрі-дәрмегімен қамтамасыз етілген», - деді Нариман Сыздықов.

Осы ретте, өткен жылдың қыркүйек айынан бері 1 800 адам 40 миллион теңгенің жоғарыда аталған препараттарымен қамтамасыз етілді.

«Гуманитарлық көмек аясында медициналық ұйымдарға 6 870 орама пероральді антикоагулянттар – ривароксабан және дабигатран таратылды. Барлық препараттар бастапқы медициналық – санитарлық көмек көрсету ұйымдарына таратылды», - деді Нариман Сыздықов.

Сонымен бірге, ол облыста эпидемиологиялық жағдай нашарлаған жағдайда резервтік қор бар екенін атап өтті. Бұл - 81 миллион теңгенің 13 түрлі дәрі-дәрмегі.


Соңғы жаңалықтар