Ақмола облысында 10 мың бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңы ашылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Зеренді​ ауданының​ Мәлік Ғабдуллин атындағы ауылында «Щучинск сүт зауыты» серіктестігінің 10 мың бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында ашылған​ мал бордақылау алаңы америкалық технология бойынша салынған және​ өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, ішкі нарықтағы сұранысты да қанағаттандыруға септігін тигізбек.​

Серіктестіктің бас директоры Серікбай Садықовтың айтуынша, қазіргі кезде шаруашылықта 7,1 мың бас ірі қара семіртілуде. 58 адам жұмыс істеуде. Жұмысшылардың орташа еңбекақысы айына 167 мың теңгені құрайды. Бұл әрине, ауыл тұрғындары үшін қыруар ақша.​ Жыл басынан бері 2,9 мың бас мал сойылыпты.​ ​ Кәсіпорынға шығарылған өнім үшін мемлекет тарапынан субсидия да төленуде.​

«Кәсіпорынға 2018 жылы сатылған өнім үшін 54 миллион теңге субсидия төленді. Биыл 135 миллион теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға қол жеткізуді көздеп отыр», – дейді Серікбай Садықов.

Нысанның ашылу рәсіміне қатысқан Ақмола облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов мал шаруашылығы өңірде дәстүрлі әрі табысы жоғары сала болып саналатынын атап өтті.

«Өңірімізде сиыр етін өндіруге барлық мүмкіндіктер жасалған. Бүгінгі мал бордақылау алаңын іске қосу арқылы біз облыс бойынша бір уақытта барлығы 31,5 мың бас ірі қараны семірте аламыз. Бұл бізге жылдан жылға ет өндірісін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Ғалымжан Әбдіхалықов.

Жаңадан ашылған 10 мың бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңы серіктесікке​ бір уақытта жемделетін ірі қара санын 15000-ға дейін жеткізуге және ішкі нарықты жыл сайын отандық өндірісте өндірілген 6 мың тоннадан астам етімен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермекші.

Соңғы жаңалықтар