Ақмола облыстық кітапханасында қазақ тілін оқыту курстары ашылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қазақстан халқы тілдері күніне арналған онкүндік аясында М. Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында қазақ тілін оқыту курстары ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Шараға қатысқан басқарма басшысы Алтынай Әміренова жиналғандарды қазақ тілін оқыту курстарының ашылуымен құттықтады.

«Тілдер онкүндігі аясында облыстың барлық мемлекеттік мекемелері мен ұйымдарында мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіледі. Міне, бүгін біз осындай тағы бір маңызды іс-шараның ұйымдастырылуына куә болып отырмыз. Барлық тыңдаушыларға табыс тілеймін», - деді Алтынай Әміренова.

Облыстық кітапхана директоры Құдайберді Мырзабек атап өткендей, мекеме қызметкерлері үшін сабақтар күн сайын жұмыс күндері бір сағат бойы өткізіледі. Оларға тілді меңгеру жасына және деңгейіне қарамастан, кез келген адам бара алады.

Іс - шара барысында қатысушылар Қазақстан халқы тілдері күніне арнайы ұйымдастырылған «Менің тілім – менің Тәуелсіздігім. Мой язык – моя Независимость. My Language is My Independence» атты көрмені тамашалады. Кездесу соңында барлық курс тыңдаушыларына естелік ретінде оқу құралдары табыс етілді.

Айта кетейік, өңірде Қазақстан халқы тілдерінің онкүндігі аясында екі мыңға жуық іс-шара өткізіледі. Олардың қатарында байқаулар, акциялар, викториналар, айтыстар, көрмелер, дөңгелек үстелдер, онлайн-форматтағы түрлі іс-шаралар бар.


Соңғы жаңалықтар