Ақкөлде 11 жасар баланы қағып кеткен жүргізуші бар кінәні балаға жаппақ болды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақкөл полицейлері «Smart Aqkol-2018» бейнебақылау камерасындағы бейнежазбаның көмегімен жасөспірімді көлігімен соққан жүргізушінің кінәсін дәлелдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, 2020 жылғы қарашаның 26-да Ақкөл ауданының ПБ кезекші бөліміне аудандық орталық аурухананың медбикесі хабарласып, «жабық бас-ми жарақты, оң жамбас буынының соқысы, сол қолдың 3 саусағының байламдарының зақымдануы» диагнозымен 11 жасар баланың жеткізілгенін айтқан.

«Анықталғандай, Ақкөл қаласының Нұрмағамбетов көшесі бойымен жүріп келе жатқан «Volkswagen Passat» көлігінің 35 жастағы жүргізушісі жолдың реттелмейтін жаяу жүргіншілер жолында жасөсіпірімді қағып кеткен», - дейді ведомстводан.

Жол-көлік оқиғасына кінәлі жүргізушінің айтуынша, бала әуелі көлікті өткізіп жібермек болып тоқтаған. Алайда, кейін қозғалысын қайта жалғастырған. Сол кезде ол (жүргізуші) көліктің тежегішін басып үлгермеген.

Дегенмен, «Smart Aqkol-2018» бейнебақылау камерасындағы бейнежазбаны тексере келе тәртіп сақшылары жүргізушінің жаяу жүргіншіге жол беруге тырыспағанын анықтады.

«Аталған оқиға бойынша тәртіп сақшылары жүргізушіге қатысты Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 610-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырды» деп толықтырды ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар