+7 (701) 759 90 19
USD 426.01 EUR 493.75
RUB 6.05 CNY 66.62
Jańalyqtar

Әкім сайлауы: саясаттанушылар мен сарапшылар қандай пікір білдіруде

2021 жылғы 24 шілде 16:55
Бөлісіңіз:
Әкім сайлауы: саясаттанушылар мен сарапшылар қандай пікір білдіруде

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Отандық сарапшылардың бәрі бір ауыздан ертең өтетін әкім сайлауының ел тарихындағы орны ерекше болатынын айтуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенова ауыл әкімдерін тікелей сайлауды Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару институтын дамыту жолындағы заңды қадамның жалғасы деп есептейді.

«Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің кіріс бөлігін арттыру үшін Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген түзетулерге сәйкес, бюджеттің 4-деңгейіне салықтар мен төлемдердің 4 түрін қосымша беру көзделген. Олар: бірыңғай жер салығы, учаскелерді жалға алу, пайдалану немесе сату төлемдері. Осылайша, ауыл әкімдері тек қана басқарушылық емес, сонымен қатар жергілікті бюджетті бөлудегі жекелеген мәселелерде қаржылық дербестік алады», - деді Зарема Шәукенова.

Оның айтуына қарағанда, мұндай дербестік әкімдердің ауылдардағы сумен жабдықтау, жолдарды күтіп ұстау, абаттандыру сынды өмірлік маңызды бар бірқатар мәселені шешудегі қызметінің тиімділігін арттыратын болады. Бұған қоса, сайланған әкімдердің сайлаушылар алдындағы жауапкершілігі жоғарылап, ауыл тұрмысын жақсартуға деген ынтасын арттырады.

«Қазақстандықтар, әсіресе ауылдық жерлердің тұрғындары өздерінің сайлау құқықтарын белсенді пайдаланып, дауыс беру күнінде сайлау учаскелеріне белсенді келеді деп ойлаймын. Сонымен қатар кандидаттармен, олардың сайлау штабтарымен кездесулерге белсенді қатысып, түрлі акцияларға, іс-шараларға араласып, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілердегі жаңалықтарды тыңғылықты қадағалап отыратын болады. Сайлауды байқау институтын дамытуға да бөлек тоқталып өткен жөн. Саяси партиялардың байқаушылары, сайлауға түсетін кандидаттар мен қоғамдық ұйымдар сайлаудың ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етеді. Мұнан бөлек, қазіргі уақытта еліміздің өңірлерінде аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері үшін семинарлар мен тренингтер өтіп жатыр. Комиссия мүшелерін оқыту курстарын өткізу сайлауды ұйымдастыруға жұмылдырылған тұлғалардың құзіретін арттыруға мүмкіндік береді және ауыл әкімдері сайлауын әділ өткізудің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді», - деді институт директоры.

Ал Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғани Нығыметовтің айтуынша, ертең бұл өңірде 70 ауылдық округтің және аудандық маңызы бар бір қаланың әкімі сайланбақ.

«Ауыл әкімдерін сайлау – бұл маңызы зор саяси реформа. Ел тарихында мұндай ауқыммен алғаш рет өтейін деп отыр. Бұған дейін ауыл әкімдерін мәслихат депутаттары сайлайтын. Енді ауыл тұрғындары өздері ұнатып, сенім артқан, әкім болуға лайық деген кандидатқа дауысын беріп, таңдау жасайды. Бұл әрине сайланған әкімнің және оны таңдаған тұрғындардың жауапкершілігін арттырады. Өйткені ауыл әкімінің деңгейі – жергілікті өзін-өзі басқару деңгейімен тікелей байланысты. Бұл қадамға не үшін барып отырмыз? Азаматтардың өз өмірін жақсартуға қатысуы үшін жасалған. Тұрғындар қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалайды. Қайда бағыттауға болатынын өзара шешіп, тиімді жұмсалуын бақылауда ұстайды. Бұл елімізді одан әрі демократияландыру жолында жасалып отырған маңызды саяси қадам», - дейді СҚО әкімінің орынбасары.

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облыстық филиалының директоры Серікжан Байбосынов бұл сайлау демократияны нығайтуға бағытталған маңызды қадам екенн айтады.

«Біздің өндірушілер негізінен ауылдық жерлерде тұрады. Әкімді таңдау арқылы олар мемлекеттік басқаруға қатыса алады. «Тыңдаушы мемлекет» тұжырымдамасының мақсаты да осымен астасып жатыр. Әкімдер халық алдында тікелей есеп береді және өзгенің бағдарламаларына сілтеме жасамайды. Үгіт жұмыстары басталған кезде, олар өз елді мекендерінің қажеттіліктерін ескере отырып, нақты бағдарламалар немесе жобалар ұсынуы керек. Адамдар туған ауылының дамуы олардың азаматтық белсенділігі мен таңдауына байланысты болатынын түсінуі керек. Ауыл тұрғындары ертеңгі сайлауға белсенді қатысатынына сенімдімін, өйткені олардың әрқайсысы кішкентай Отанына шын жүректен алаңдайды», – дейді Серікжан Байбосынов.

Сарапшы аумақтық, учаскелік сайлау комиссияларына, жергілікті әкімдіктерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын атап өтті.

«Саяси партиялардың өкілдері ғана емес, өзін-өзі ұсынатын кандидаттар да әкім бола алады. Ең бастысы, бюллетеньдерде «Бәріне қарсы» деген тармақ бар. Бұл демократиялық қоғамның тағы бір талабы», – деп түйіндеді Серікжан Байбосынов.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Есімжан Нақтыбай

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT