«Ака» мен «ағаның» айырмасын киік қайдан түсінсін?!» республикалық басылымдарға шолу

None
None
АСТАНА. Ақпанның 12-сі. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда ақпанның 12-сі, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Түрік Республикасының Сыртқы істер министрі Ахмет Дәуітоғлын қабылдады. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде «Тығыз ынтымақтастық жалғасады» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Басылымның Мемлекет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, әңгіме барысында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Түркия қарым-қатынастарын дамытудың перспективалары талқыланған. «Мемлекет басшысы өзінің 2009 жылғы қазанда Түркияға ресми сапары барысында, сондай-ақ Түркі тілдес мемлекеттердің саммиті аясында Нахчывандағы жоғары деңгейдегі екіжақты кездесулер кезінде қол жеткізілген келісімдердің іске асырылу барысына қанағаттанушылық сезімін білдірді. А.Дәуітоғлы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның қол жеткізген табыстарына жоғары баға берді. Министр Қазақстан мен Түркияның шекарасы ортақ болмағанмен, екі елді ортақ тілі мен тарихи сабақтастығы байланыстыратынын атап өтті, деп жазады басылым.

Сонымен қатар осы күні мәртебелі мейман еліміздің Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовпен де кездесіп, екі ел Президенттері бекіткен Стратегиялық серіктестік туралы шарт аясында Қазақстан-Түркия сауда-экономикалық қарым-қатынастарын әрі қарай дамыту мәселелерін кеңінен талқылаған.

«Нахчыванда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығының кеңесі» хатшылығы Ыстамбұлда орналасатын болады.Бұл туралы кеше Мемлекет басшысымен кездескеннен кейін Түркия сыртқы істер министрі Ахмет Дәуітоғлы мәлім етті», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның жазуынша, Қазақстанда Түрік академиясы құрылатын болады. Түркия сондай-ақ ЕҚЫҰ Мемлекет басшыларының саммитін Астанада өткізуге ықпал ету және барлық халықаралық ұйымдар аясында Қазақстанмен белсенді ынтымақтастық ниетінде.

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінің 3-6-шы беттерінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы ақпанның 1-індегі №922 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары» жарияланып отыр. арнаулы беттерде көрсетілген бүктеу және кесу сызықтары арқылы газеттің төрт бетінен он алты беттік кітапша шығады.

Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевқа Қазақстан Республикасына жаңадан Төтенше және Өкілетті Елші болып тағайындалған Жаңа Зеландияның елшісі Иэн Александр Хилл, Сербияның елшісі Елица Курьяк, Кипрдің елшісі Петрос Кесторас және Ирландияның елшісі Филипп Макдона Сенім грамоталарын тапсырды. Осы ресми шараға кеңінен тоқталған «Егемен Қазақстан» газеті «Кипр Республикасының елшісі Петрос Кесторастың атап өтуінше, Кипр мен Қазақстан арасында дипломатиялық қатынас 1992 жылы орнады. Содан бергі уақытта екі мемлекет түрлі салаларда ынтымақтастық орната білді. Елші сондай-ақ Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысымен кездесуінде екіжақты қатынастарды дамытуға баса назар аударылғанын айта келіп, Қазақстан Президентінің ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі саммитін өткізу бастамасын Кипр басшылығы қолдайтындығын мәлім етті», деп жазады.

***

«Есіңізде болса, 2000 жылдары сайын даламызда жортқан киіктеріміз құрып кетуге шақ қалған еді. Ресми мәліметтерге жүгінсек, сол кездері 1 миллионнан астам киіктердің қарасы 21 мыңға дейін азайған», деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санында жарық көрген «Ака» мен «ағаның» айырмасын киік қайдан түсінсін?!» атты мақаласында. Басылым бетінде жарық көрген мақалада шығыс медицинасында таптырмас дәрі-дәрмектік шикізат ретінде пайдаланылатын аталған түз жануарының мүйізіне қызыққан екіаяқтылардың атып алатындығы, әсіресе қыс айларында көрші Өзбекстан мемлекетіне көшкен киіктердің тең жартысы елге оралмайтындығы жайында кеңінен баяндалған.

«Келесі қаржылық дағдарысқа Қытай себепкер болуы мүмкін бе?». «Алаш айнасы» газетінің осы сауалына Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов «иә» деп жауап берсе, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, қытайтанушы Дүкен Мәсімхан «жоқ» деген жауабын берген. Басылымда жарияланған жауаптардың қандай себептерге сүйеніп айтылғандығын білгіңіз келсе, бүгінгі санындағы жарияланған мақалаға назар салыңыз.

Осы басылымда экономика ғылымының докторы, профессор Санат Құрманғалиевпен арадағы сұхбат «Шетелдік сүт өнімдерінің жарнамасына алдана беруге болмайды» деген тақырыппен басылған. Екеуара әңгіме барысында ғалым «Қазақстан 2 миллион тонна сүтті шетелден экспорттайды. Менің түсінбейтінім - өзімізде сүт жеткілікті болса да, өзге елдерден қосымша сүт сатып алып отырмыз. Ал егер сүтті шетелден алсақ, бізде сүт жетіспейді деген сөз бе? Мәселе санақта. Бізде нарыққа түспейтін сүттің қай жаққа кетіп жатқанын анықтап беретін мамандар жеткілікті. Оларды тек іске тарту керек», депті. Сұхбат барысында еліміздегі сүт өнімдеріне қатысты түйткілді жайттар кеңінен баяндалған.

Соңғы жаңалықтар