«Ақ жол» партиясы президенттік жүйеден парламенттік республикаға көшуді ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ақ жол» демократиялық партиясы парламентаризм институттарын күшейтуді және кезең-кезеңімен президенттік жүйеден парламенттік республикаға көшу бастамасын қолдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бюрократия мен қарапайым азаматтардың биліктен тыс қалуына қарсы ең тиімді құрал – мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қоғам алдындағы есеп беруі, яғни демократия. Демократия парламентаризмнің негізгі институттары болып саналатын парламент және жергілікті мәслихаттар арқылы қоғамдық мүдделерді алға жылжыту принципіне сүйенеді. Демократия дегеніміздің өзі – парламентаризм.

«Ақ жол» демократиялық партиясы парламентаризм институттарын күшейтуді және кезең-кезеңімен президенттік жүйеден парламенттік республикаға көшу бастамасын қолдайды. Қазіргі кезең билік монополиясынан мемлекеттік мәселелерді шешуде балама пікірлерді ескеретін тепе-теңдік жүйесіне жоспарлы түрде көшу мүмкіндіктерін туғызды», - деді «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы А. Перуашев партия құрылтайында.

Азат Перуашев Қазақстанға Ұлттық сенім кеңесі ғана емес, Ұлттық сенім Үкіметі де қажет деп есептейді.

«Қазіргі Конституцияға сәйкес, президент биліктің барлық тармақтарының өзара іс-қимылына кепіл болады. Бұл президент фигурасының парламент пен үкіметтен бірдей қашықтықта болуы қажеттігін білдіреді. «Ақ жол» демократиялық партиясы Үкімет құрамын Мемлекет басшысы емес, парламенттік сайлауда жеңіске жеткен партия бекітуі тиіс деп есептейді, партия тізімді Президентке бекітуге ұсынады және өз үкіметінің барлық жетістіктері мен сәтсіздіктері үшін жауапты болады. Дамыған демократиялардың тәжірибесі осындай», - деді партия төрағасы.

Айта кетейік, «Ақ жол» демократиялық партиясының XVI сайлауалды құрылтайында партияның сайлауалды бағдарлама жобасы ұсынылды. Партия төрағасы Азат Перуашев бағдарламадағы ең негізгі басымдық – Тәуелсіздік және Алаш ұлттық идеясы екенін атап өтті.

Сонымен бірге, «Ақ жол» демократиялық партиясы Қазақ Республикасы атауын қайтаруды ұсынды.



Соңғы жаңалықтар