Air Astana Қытайдан туристік сапарларды орындаудан бас тартты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Air Astana» авиакомпаниясы Қытайдан Қазақстанға орындауы тиіс болған туристік топтардың сапарларынан бас тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Air Astana» әуе компаниясы ағымдағы жылғы 24 қаңтардан бастап Үрімжі қаласынан, 28 қаңтардан Бейжің қаласынан барлық туристік топтарды шегерді. Қытайдан барлық әуе билеттері айыппұлсыз қайтарылады», - делінген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінде.


Бүгінгі таңда Қытайға әуе тасымалдарын Қазақстан тарапынан «Air Astana» және «SCAT» авиакомпаниялары, Қытай тарапынан «Air China» және «China Southern Airlines «әуе компаниялары орындайды. Барлығы аптасына 34 рейс жасалады, оның ішінде 22 рейсті отандық, 12 рейсті қытайлық компаниялар жүзеге асырады.


Министрліктен атап өткендей, қазіргі уақытта еліміздің әуежайларында ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп ел аумағында аса қатерлі инфекцияның таралуына қарсы қажетті шаралар атқарылып жатыр. Жолаушылар арнайы стационарлық және қол тепловизорларымен тексерілуде. Әуежай қызметкерлеріне мұндай жағдайда жасалатын іс-әрекеттер мен мен қатерлі инфекция анықталған елдерден келетін жолаушылармен жұмыс істеуде сақталуы тиіс қауіпсіздік шаралары күн сайын түсіндірілуде.


«Ағымдағы жылғы 29 қаңтарда командалық-штабтық оқу жаттығулар өткізу жоспарланған. Онда барлық мамандандырылған күштер, әуежай мен мемлекеттік органдардың күшін тарта отырып, қатерлі инфекциялардың елге таралуына қарсы әуе кемесіндегі барлық элементтер пысықталады», - деді ведомстводан.

Еске салайық, бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдан Қазақстан аумағына коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша нақты ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырды.

Кейін ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстан аумағында коронавирустың тарауына жол бермеу және оның алдын алу шаралары жөнінде кеңес өткізді.

Қазір Қытайда пневмониялық инфекцияның жаңа түрі тарап жатыр. Сырқатқа шалдыққан және көз жұмғандар саны күн санап артып келеді. Алғашқы науқастар тіркелген күндері (15 қаңтар) есепке 41 адам алынған болатын.

Соңғы мәліметтер бойынша, Қытайда жаңа коронавирусты жұқтырғандар 1326-ға жетіп, өліммен 41 оқиға аяқталды.

Пневмонияның бұл түрі Таиланд, Еуропа елдері мен АҚШ-та тіркеліп отыр.

Қазақстан коронавирусты зертханалық жағдайда анықтауға мүмкіндік беретін праймерлерді сатып алуды бастады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі елімізде инфекция тіркелмегенін ресми мәлім етті.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ақпаратынша, карантинге жабылған Қытайдың Ухан қаласында бүгінде Қазақстаннан 230 студент оқиды. Олардың 98-і ғана қалада қалып отыр. Қалғандары демалыстың басталуына байланысты Қазақстанға және басқа да елдерге кетіп қалған.

Еліміз өңірлеріндегі барлық әуежайларда профилактикалық шаралар және оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілуде.






Соңғы жаңалықтар