Аида Балаева Ыстанбұлдағы қазақ диаспорасының белсенді өкілдерімен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ресми сапармен Түркияға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сапардың алғашқы күні ол Ыстанбұлда тұратын қазақ диаспорасының белсенді өкілдерімен кездесті. Түркиядағы ағайынның жағдайы мен келешегі, қазақ тілін оқыту мәселелері және диаспораның қазақ-түрік ынтымақтастығын дамытудағы ролі сөз болған жиынға Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы мен Ыстанбұлдағы Бас консулы Әлім Байел де қатысты.

Шетелде тұратын этникалық қазақтарға Қазақстанда бөлінетін гранттар, Отандастар қоры арқылы сырттағы қазақ диаспорасына көрсетілетін қолдау туралы айтып берген Аида Балаева ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Дүниежүзі қазақтары кіші құрылтайының биыл Ыстанбұлда өтетінін жеткізді. Жергілікті қазақтардың пікірлерін тыңдаған А. Балаева олардың ұсынысы мен өтініші бойынша тиісті жұмыстың жүргізілетінін айтты.


Сонымен қатар, Қазақстаннан келген делегация Түркияның Мемлекеттік радио және телеарна компаниясының Ыстанбұлда орналасқан телехикая түсіру платформасына барды. Министр Аида Балаева мен делегация мүшелері әлемге әйгілі түрік тарихи телехикаяларын түсірудің заманауи технологиялармен танысты.


Түрік телехикаяларының халықаралық нарықта үлкен сұранысқа ие болып отырғанын атап өткен Балаева алдағы уақытта түркі тарихының ортақ беттеріне қатысты туындыларды бірлесіп түсірудің маңыздылығына тоқталды. Өз кезегінде, түрік тарапы қазақстандық дарынды актер, композитор, режиссер және каскадерлармен ынтымақтастықтың орнатылғандығымен, оны әрі қарай дамытуға мүдделі екендіктерімен бөлісті, атажұрт Қазақстандағы табиғаттың фильм және телехикая түсіруге өте қолайлы екендігін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар