Аида Балаева: Ұлттық жаңғыру – озық сананы дамыту арқылы ұлттың озат болмысын қалыптастыру үшін қажет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Рухани жаңғыру үрдісін ең алдымен, бала тәрбиесі мен жастардың рухани өсуінен бастауымыз керек. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білесіздер, осыдан бірер апта бұрын Мемлекеттік хатшының төрағалығымен өткен комиссия отырысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жаңа бағыты – ұлттық жаңғыру кезеңіне өту туралы шешім қабылданды. Бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан, азаматтардың озық санасын дамыту арқылы ұлттың озат болмысын қалыптастыру үшін қажет тарихи қадам болды», - деді министр Сенатта «Ұлттық құндылықтар – рухани жаңғырудың негізі» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысында.

Оның айтуынша, ендігі жерде – руханиятты дәріптеу жалпылай емес, мақсатты түрде, азаматтарымыздың жас ерекшеліктерін ескере отырып жүзеге асырылатын болады.

«Онда да, тозығы жеткен емес, заманның бәсекесіне, адамның қажетіне жарайтын жасампаз құндылықтар болуы шарт. Бұл тұрғыда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы «тұлғалық даму», «ұлттық бірегейлік және халықаралық мәртебе», «мемлекеттің, азаматтық қоғамның және жергілікті қауымдастықтардың дамуы» деген үш құндылыққа негізделеді. Десе де, осының барлығын іске асыруда біз қайтарымы мол, тиімділігі биік, келешегі кемел мақсат қоя білу маңызды. Сондықтан да, рухани жаңғыру үрдісін ең алдымен бала тәрбиесі мен жастардың рухани өсуінен бастауымыз керек», - деді А. Балаева.

«Жасыратыны жоқ, бүгінгі күнгі бала тәрбиесіне, олардың ой қалыптастыруына – виртуалды әлемнің, бақылаудан тыс интернеттің ықпалы өте зор. Өкінішке қарай, жасөспірімдер арасында бір-біріне, айналаға, жануарларға деген қатыгездікке бейімдік, суицид, толеранттықтың төмендігі сияқты түрлі келеңсіздіктерге жиі куә болып жүрміз. Әрине, бұның бәрі біржақты қарайтын дүние емес. Кешенді зерттеуді талап етеді. Бірақ, оның түп негізінде – қоғамдық қадағалау мен ұлттық тәрбиенің рөлі зор деп санаймыз. Себебі әрбір орын алған кемшілік – бүкіл қоғамның ортақ көрсеткіші», - деді ведомство басшысы.

Сондықтан жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, бүгінгі заманға сай тәрбие мен білім беру – басты міндет.

«Халқымыздың ұлттық тәрбиесі – қашанда жас ұрпақты жаңашылдыққа, елжандылыққа баулыған. Осы орайда, қазір біздің министрліктің бастамасымен Балалар мен жасөспірімдерді рухани-адамгершілікте тәрбиелеу стратегиясын жасап, іске асыру көзделіп отыр. Ол үшін министрлік жанындағы Қоғамдық даму институтында арнайы жұмыс тобы құрылды», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар