Аида Балаева: Қайырымдылық – азаматтық қоғамның кемелденуі

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Қайырымдылық дегеніміз – азаматтық қоғамның кемелденуі. Бұл туралы «Жомарт жүрек» сыйлығы лауреаттарын марапаттау шарасында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін сондай-ақ, елімізде жыл сайын өткізілетін «Жомарт жүрек» республикалық сыйлығының иегерлерін білетін боламыз. «Жомарт жүрек» бұл – қайырымдылық жасау бағытында ауқымды істерді атқарып жүрген ұйымдарды анықтап, оларды халыққа таныстыру мақсатында берілетін арнайы марапат. Бұл - сондай-ақ, өңірлерді дамытуға, қамқорлық құндылықтары мен қайырымдылық идеяларын кеңінен насихаттауға, мұқтаж жандарға көмек беруге дайын азаматтардың жақсы істерін дәріптеуге мүмкіндік беретін бірегей алаң. 2018 жылы жылдан бері бұл атаулы сыйлық – 125 адамға берілді», - деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, биылғы «Жомарт жүрек» сыйлығының иегерлерін тәуелсіз сарапшылық комиссия еліміздің бүкіл өңірінен түскен 100-ден астам өтініштің ішінен іріктеп алған.

«Осылайша, онлайн дауыс беру және есеп комиссиясының шешімінің қорытындысында 5 аталым бойынша 51 жеңімпаз анықталды. Бірақ, барлық уақытта да ең басты жеңімпаз біздің қайырымды жүрегіміз бен ыстық ықыласымыз болып қала береді. Өйткені, қайырымдылық – азаматтық қоғамның кемелденуі»,- деді Аида Балаева.

Министр елорда мен ірі қалаларда ғана емес, еліміздің шалғай елді мекендерінде де қайырымдылықпен айналысуды өмірінің мәніне айналдырған адамдардың көп екенін баса айтты.

«Айналамызды шуаққа бөлеп, бір-бірімізге қуаныш сыйлар мейірімділігіміз сарқылмасын, жақсы істеріміз таусылмасын! Алдымызда мол жетістіктер күтіп тұрғанына кәміл сенімдімін. Баршаңызға жақсылық, жетістік, табыс тілеймін!», - деп түйіндеді сөзін Аида Балаева.


Соңғы жаңалықтар