Агроөнеркәсіп кешеніндегі сақтандырудың аясы кеңейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа арнаған жолдауында Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты бірқатар тапсырмалар берген болатын. Онда Президент ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес екенін ескерткен еді. Иә, әсіресе ауыл-аймақтардағы мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларды қолдаудың маңызы зор. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы саланы дамыту жұмыстары жалғасуда. Бұдан бөлек, қолындағы малын ауру-сырқаудан және басқа да қауіп-қатерлерден сақтандыру арқылы қолдау да мал шаруашылығының дамуына оң ықпал етері сөзсіз.

Елімізде Агроөнеркәсіп саласын сақтандыру қажеттіліктен туындайды. Өйткені, біздің климаттық жағдай, табиғи құбылыстар және басқа да себептер сақтандыруды өте қажет етеді. Осы күнге дейін сақтандыру тек өсімдік шаруашылығымен айналысатындарға ыңғайластырылып келді. Агроөнеркәсіп кешенінде малды мақсатты түрде сақтандыру болған жоқ. Иесі малын тек мүлік ретінде сақтандыра алатын. Егер, жоғалса немесе көлік қағып кеткен жағдайда ғана сақтандыру төленетін. Талай шаруаның еңбегі зая кеткен оқиғалар аз емес. Енді ірі қара малды аурудан, жазатайым оқиғадан, өрт немесе ұрлық сияқты басқа да қауіп-қатерлерден сақтандыруға болады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегі бойынша, қазан айында шетелдік қайта сақтандырушылармен бірлесіп эпизоотиялық жағдай мен ірі қара малды сатып алу немесе сату нарығындағы белсенділік ескеріліп, түрлі тәуекелдерді сақтандыру өнімдері әзірленді.

Енді фермерлер малды өз шаруашылығының аумағында және 5 км радиустағы көрші шаруашылықтардың аумағындағы аурулар мен басқа да тәуекелдерден сақтандыра алады. Тәуекелдер қатарына инфекциялық және аса қауіпті аурулар, өрт, үшінші тұлғалардың зиянды әрекеттері, қауіпті табиғи құбылыстар, сондай-ақ жазатайым оқиғалар – жарылыс, найзағай түсу, тұншығып өлу, жыртқыш аңдардың шабуылы, жылан немесе жәндіктердің шағуы, түрлі себептермен жарақаттануы және тағы басқалар кіреді. Сақтандыру операторы – Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры сақтандыру жүйесінің барлық процедураларын жүзеге асырады.

Аграрлық сектордың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін сақтандыру мәдениетін қалыптастыру қажет. Осы арқылы мемлекеттің көмегін алу керек. Фермерлердің тәуекелдерін төмендету АӨК субъектілерін қаржыландыру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді, ал бұл жалпы саланы дамытуға оң ықпал етеді. Сақтандыру механизмі қаржы институттары үшін, несие беруші ұйымдар мен инвесторлар үшін салаға тартымдылықты арттыратынын да ескерген абзал.

Агроөнеркәсіп кешенін сақтандыру елімізде 2004 жылдан бері іске асырылып келеді. Бұрын дәнді, майлы дақылдарды, қант қызылшасы мен мақта өндірушілердің барлығы егістіктерін белгіленген сақтандыру тарифтері мен шығын нормативтер бойынша сақтандыруға міндетті болатын. Бірақ бұл жүйе тиімсіз болып шықты. Былтыр «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заң сақтандыру мәселелеріне қатысты нормалармен толықтырылды. 2019 жылдың қазан айында Заңға Мемлекет басшысы қол қойып, қаңтардан бастап түзетулер күшіне енді.

Бұл тұрғыда бірнеше жаңалықты атап өтуге болады. Біріншіден, Агроөнеркәсіп кешеніндегі сақтандыру енді ерікті болады. Екіншіден, егер бұрын ол тек өсімдік шаруашылығына ғана қатысты болса, бүгінгі таңда ірі қара малды сақтандыру өнімі бекітілді. Бұдан бөлек, сақтандыру сыйақыларын субсидиялау түрінде берілетін мемлекеттік қолдау фермерлердің шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2,5 млрд теңге қаржы бөлініп отыр.

Тағы бір маңызды жайт – сақтандыру төлемдерінің кепілділігі. Фермерлердің мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету үшін бұл сегментте тек ҚР Қаржы нарықтарын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы бар сақтандыру компаниялары жұмыс істейді. Қазіргі уақытта бекітілген өнімдер бойынша екі компания жұмыс істейді. Олар – «Жусан гарант» және «Виктория» сақтандыру компаниялары. Басқа да сақтандырушылардың қатысуын қамтамасыз ету бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді. Әлемдік сақтандыру нарығында «А» рейтингі бар «Swiss re», «Munich re», «Hannover Re» халықаралық қайта сақтандыру компаниялары тартылып отыр. Олар отандық компаниялар өзіне алатын тәуекелдерді қайта сақтандырады. Бұл сақтандыру жағдайлары туындаған кезде кепілдендірілген төлемді қамтамасыз етеді.

Шарт жасасу процесі, одан әрі фермер мен сақтандыру компаниясының және оператордың жұмысы qoldau.kz электронды платформасында жүргізіледі. Бұл адами факторды азайтып, ашықтықты қамтамасыз етеді.

Бұрын сақтандыру тек қана фермерлерді ауа райы қауіп-қатерлерінен қорғау тетігі ретінде қарастырылған болса, енді бұл ұғым әлемдік стандарттарға негізделіп, өрісі кеңейді. Биыл қазан айында Ауыл шаруашылығы министрлігі мал өсірушілерді қолдауға бағытталған жаңа сақтандыру өнімін бекітті.

Сақтандырылатын малдың санына байланысты сақтандыру тарифі 1,54 %-дан 4,62 %-ға дейінгі аралықты қамтиды. Мысалы, фермер өз аумағында 30-дан 99 басқа дейін сақтандырғысы келсе, ол жалпы сақтандыру сомасының 2,31 %-н төлейді. Егер 100 бастан астам малын сақтандыратын болса, тариф 1,54% болады. Егер фермер малын 5 км радиустағы тәуекелдерден сақтандыратын болса, онда 30-99 басқа дейінгі тариф 4,62 %. Жүз және жүзден астам басқа жалпы сақтандыру сомасының 3,08 %-ын төлейді.

Жаңа жүйенің артықшылығы көп. Мәселен, барлық процесс барынша автоматтандырылған, ешқайда барудың қажеті жоқ, электронды цифрлық қолтаңбаңыз болса жеткілікті. Шарт жасасқаннан кейін мемлекет шығындарды 50%-ға төмендетуге көмектеседі және бұл фермерлерді қаржылық ынталандыру тетіктерінің бірі.

Ең бастысы, сақтандыру мал шаруашылығымен айналысушылардың тәуекелдерін төмендетуге көмектеседі және салған қаражаттарын қайтаруға кепілдік береді. Демек, мұның болашағы зор және ел үшін маңызды салаға мамандарды көптеп тартуға ықпал етеді.


Соңғы жаңалықтар