Агроөнеркәсіп кешеніндегі бизнеске біртіндеп міндеттемелер жүктеледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Агроөнеркәсіп кешеніндегі бизнеске біртіндеп міндеттемелер жүктеледі. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Агроөнеркәсіп кешенінің басты мақсаты - елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауа райы факторларының ауыл шаруашылығы өндірісіне теріс әсерін азайту. Сондай-ақ мал шаруашылығының жем-шөп базасын дамыту мақсатында жер пайдалануда әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл үшін жер пайдаланушылардың жалға беру шарты және өз міндеттемелерін орындауы бойынша бақылау тетіктері әзірленді», - деді ол Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, мемлекеттік реттеу іс-шаралары цифрлық технологияларды қолдануға және ғарыштық бақылауға негізделеді.

«Бұдан басқа, бизнеске біртіндеп міндеттемелер жүктеу жоспарлануда. Мысалы егістік алқаптарын әртараптандыру, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі мен еңбек өнімділігін арттыру, сондай-ақ жерді ұтымды пайдалану талаптарын орындау сияқты іс-шаралар көзделген. Жемдік дақылдар алқабын ғылыми негізделген нормаға жеткізіп, егістік көлемін кемінде 2 есеге ұлғайту жоспарлануда. Жайылымдардың өнімділігін жақсарту үшін жаңа тәсілдер де енгізіледі», - деді вице-премьер.

Үкімет басшысының орынбасары осыған байланысты сумен қамтамасыз ету және суды үнемдеу мақсатында су арналарын қалпына келтіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетіндігін айтады.

«2025 жылға дейін жалпы ұзындығы шамамен 2,3 мың шақырым болатын 120 магистральды каналды қайта құру жоспарлануда. Сондай-ақ, жақын арада республиканың 6 аймағында 9 жаңа су қоймасы салынады. Олардың жинақтау көлемі 1,7 млрд текше метрге тең», - деді Роман Скляр.


Соңғы жаңалықтар