Агенттік ипотеканы кешіру туралы дәйексіз ақпаратты жоққа шығарды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несие рақымшылығы мәселесі бойынша дәйексіз ақпаратқа қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агенттіктен мәлім еткендей, кеше әлеуметтік желілерде «ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша кредит рақымшылығы жарияланыпты-мыс» деген ақпарат таратылды.

Осыған орай Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі таратылған ақпараттың дәйексіздігін мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта 2007-2008 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысынан, сондай-ақ ұлттық валюта бағамының әлсіреуінен барынша зардап шеккен ипотекалық қарыз алушылардың жеке санатына көмек көрсету үшін агенттік 2015 жылдан ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асырып жатыр.

Осыған орай, бағдарлама талаптары бойынша қаржылық қолдау 2004 – 2009 жылдар аралығындағы кезеңде ипотекалық қарыз алған, сондай-ақ, 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін валюталық ипотекалық қарыз алған қарыз алушыларға көрсетіледі.

Бағдарламада белгіленген қаржылай көмек шаралары жалғыз баспанасы бар қарыз алушылар және халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы борышкерлер үшін пайыздық мөлшерлемені 3%-ға дейін төмендетуді көздейді.

Қалған валюталық ипотекалық қарыз алушылар үшін пайыздық мөлшерлеме 12%-дан аспайды.

Бұдан басқа, бағдарлама шеңберінде сыйақы, айыпақы (өсімпұл, айыппұлдар) және комиссия бойынша мерзімі өткен берешек есептен шығарылды.

Валюталық ипотекалық қарыздарға қатысты берешекті Ұлттық банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша (1 АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) теңгеге конвертациялау жүргізілді.

2020 жылғы қаңтардан бастап бағдарламаға қатысатын ХӘОТ санатындағы ипотекалық қарыз алушылар үшін қосымша көмек шаралары іске асырылуда.

Мұндай қарыз алушыларға қолдауды банктер олардың қаржылық және әлеуметтік жағдайын жан-жақты талдау негізінде жеке тәртіппен көрсетуде, талдау нәтижелерінен кейін банктер қарыз бойынша берешекті төмендету және 20 000 теңге мөлшеріндегі ай сайынғы төлеммен жеңілдік берілген кестелер белгілеу туралы шешім қабылдайды.

Қарыз алушылардың бұл санатына қолдау көрсету 2021 жылдың соңына дейін аяқталады.

Азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарынан дәйексіз мәліметтерге сенбеуді және ресми әрі тексерілген дереккөздерінен ғана алынған ақпаратты басшылыққа алуды сұраймыз»,- делінген хабарламада.

Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасының талаптары мен нәтижелері туралы толығырақ ақпаратты агенттіктің ресми сайтынан алуға болады.


Соңғы жаңалықтар