Ағайынды-бизнесмендер елордалық үлескерлердің 388 млн теңгесін ұрлады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада ағайынды Жұбатқановтар үлескерлердің қаражатын талан-таражға салғаны үшін сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап өтілгендей, «Астана қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің Экономикалық тергеулер қызметі «Инженерлік-сервистік компаниясы» ЖШС-ның басшылары - ағайынды Жұбатқановтарға қатысты 72 эпизодтық қылмысты тергеуді аяқтады. Олар Оңтүстік-шығыс шағын ауданында тұрғын үй кешенін салу барысында үлескерлердің қаражатын ұрлады деп айыпталған.

«Қылмыстық істі тергеу барысында Астана қалалық МКД Экономикалық тергеулер қызметінің қызметкерлері 388 млн теңге мөлшерінде залалды анықтады. Аталған қаражаттарды «Инженерлік-сервистік компания» ЖШС-ның басшылары Қ.М.Жұбатқанов пен Ғ.М.Жұбатқанов жеке мақсаттарына жұмсаған», - делінген таратылған ақпаратта.

Сонымен қатар ведомствоның атап өтуінше, қылмыстық іс аясында күдіктілердің 510 млн теңгені құрайтын мүлкіне арест қойылған. Олардың қатарында жер телімі, пәтерлер, Астана қаласында, сонымен қатар Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының аумақтарында орналасқан өнкеркәсіптік-өндірістік ғимараттар, үлескерлердің қаражатына сатып алынған автокөлік құралдары бар.

2017 жылдың 22 желтоқсанында  үлескерлердің ақша қаражаттарын ұрлау фактісі бойынша ағайынды Жұбатқановтарға қатысты қылмыстық іс Астана қаласы Алматы аудандық прокуратурасына жолданған. 2018 жылы Астана қаласы Сарыарқа аудандық №2 сотының үкімімен Қ.М.Жұбатқанов пен Ғ.М.Жұбатқанов 8 жылға бас бостандықтарынан айырылды және мүліктері тәркіленді.

 

Соңғы жаңалықтар