Африкалық ғалым Ассан Жайе ЖИТС-2 қарсы вакцина әзірлемек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым мен технологиялар жөніндегі арнайы сыйлығын алған гамбиялық Ассан Жайе бүгін елордада баспасөз мәслихатын өткізіп, вирус иммунологиясы саласындағы жұмысы жайында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Гамбия медициналық зерттеу орталығының аға менеджері Ассан Жайенің негізгі еңбектері ЖИТС -2, қызылша мен В гепатиті сынды виурстық жұқпалы аурулардың иммунологиясын зерттеуге бағытталған.

«ЖИТС -2 - бұл Африканың батысында, Португалия мен Францияда таралған жұқпалы ауру. Бұл жұқпалы ауруларға негізінен Африкадан келген мигранттар шалдыққан. Байқауымша, ЖИТС -2-ге шалдыққан адамдардың қатары өте көп. Оларда вирус «ұйқыдағы» жағдайда. ЖИТС -1-ге шалдыққандар шамамен 10 жыл ауырып өледі. Ал ЖИТС -2-мен ауыратындар 20 жылдан астам уақыт өмір сүреді, өздерін қарапайым адамдардай сау сезінеді. Сондықтан да менің зерттеуімде ЖИТС -ге шалдыққан адамдардың неліктен ұзақ өмір сүретіндігін анықтауға бақытталған», - деді ол.

Африкалық ғалым зерттеу барысында алған білімін аталған вирусқа қарсы вакцина әзірлеуге жұмсағысы келеді. Сонымен қатар ол  бұл салада Африкада жұмыс істеу қаржының тапшылығына байланысты өте қиын екендігін де атап өтті.

«Біз қаражат үшін үнемі Еуропа ғалымдарымен бәсекеге түсеміз. Өйткені, қаржы Африкадан бөлінбейді. Біз африкалық үкіметтерден мұндай зерттеулерге қаржы бөлуді сұраудамыз», - деді Жайе.

Айта кетерлігі, кеше Ислам ынтымақтастық ұйымының саммиті аясында Ассан Жайе вирус иммунологиясы және медицина мамандарын даярлау саласында жасаған ғылыми еңбегі үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан Ислам ынтымақтастық ұйымының арнайы сыйлығын алған еді.

 

Соңғы жаңалықтар