Афина олимпиадасының жүлдегері Сергей Филимонов: Ішімдікті тастадым, спортқа оралсам деймін

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласындағы техникалық қызмет көрсету орталықтарының (СТО) бірінде көлік жөндейтін Сергей Филимоновтың тағдыры кімге болса да ой салар еді. Бұл - бір кездегі атағы әлемге жайылған спортшы, Афина олимпиадасында Қазақстанның даңқын шығарып, Көк Туды желбіреткен зілтемірші Сергей Филимонов. Өкініштісі бір кездері басында бақ та, қасында қолпаштар досы да болып, жалғанды жалпағынан басқан атақты ауыр атлет қазір спортты СТО-ға айырбастаған. «Құрмет» орденінің иегері, 2004 жылы Афиныда өткен олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, ауыр атлет Филимоновтың көлік майына шылана шаршаған түрін көріп, біз де таңданысымызды жасыра алмадық. «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген сұхбатында Сергей сүйікті ісіне - ауыр атлетикаға қайта оралғысы келетінін айтып қалды. Сөзіне қарағанда, 10 жылға жуық уақыттан бері спорттан қол үзген чемпион әлі де бабына келе алатын секілді.

2004 жылы Афина олимпиадасында күміс жүлде иеленіп, әлемдік додаларда дүркін-дүркін чемпион атанған спортшы қазір көлік жөндеумен күн көріп жүр. Айтуынша, олимпиададан кейінгі құрмет-қошемет оған жақпапты. 2005 жылы жол көлік апатына ұшыраған. Чемпион Талдықорған-Үштөбе тас жолының бойында  адам қағып, 23 жастағы жігіттің өліміне себепші болған екен. Қайтыс болған адамның туыстары 29 жастағы чемпионды кешірген де көрінеді. Алайда, зілтемірші Филимоновқа бұл жайт психологиялық жағынан ауыр соққы болды. Соның салдарынан қатты күйзеліске түсті. Ішімдікке салынып кетті. Спортпен қоштасты. Отбасымен де айырылысқан. Қазір Сергей ішімдікті ауызыма да  алмаймын дейді. Салауатты өмір салтын ұстана бастаған.

- Сергей, шынымды айтсам, біраз таңырқап тұрмын. Не себепті  мұндай өмір жолын таңдадыңыз? Сіз атағы дардай чемпионсыз, олимпиада жүлдегерісіз ғой....

 - Иә, өмір деген бір бұралаңдаған қисық жол ғой. Әр адамның тағдыры әрқилы. Бақ пен сордың, бар мен жоқтың арасы бір-ақ қадам. Оны басыңа қара бұлт үйірілгенде ғана түйсінесің. Шынымды айтсам, менің өмірім осылай күрт өзгереді деп ойламаған едім.  Менде бәрі болды. Атақ та, ақша да, даңқ та, дос та, сый да, құрмет те болды.  Бірақ,  бәрінен бір-ақ сәтте айырылдым. Ішіп кеттім. Тіпті баспанамды (Афина олимпиадасындағы жүлдесіне орай Алматы қаласынан үш бөлмелі пәтер берілген - ред.) да ішкілікке салып жібердім. Сенсеңіз мен тіпті өзімнің медальдарымның қайда екенін де білмеймін.

null   

- Спортқа қайтып оралғыңыз келе ме?

- Әрине! Бірақ ондай мүмкіндік бар ма екен?! Менің енді жарыстарға қатыспайтыным белгілі, жасым да келіп қалды. Әйтсе де, менен жақсы жаттықтырушы шығады, болашақ чемпиондарды тәрбиелей аламын. Шақырса, баратын да едім. Алайда, мәселенің екінші жағы да бар, ол төленетін еңбекақының төмендігі. Мен қазір көлік жөндеп жүріп, 200 мың теңге төңірегінде табыс табамын. Ал біздегі бапкерлер осының жартысын ғана алады. Десе де, қазір менен көптеген әріптестерім келіп, ойларымен бөлісіп, ақыл-кеңес сұрап отырады. Сондықтан да, мен ең құрығанда жаттықтырушының кеңесшісі болып қызмет жасағым келеді.

- Қазір қайда тұрып жатырсыздар?

- Отбасыммен қайта табыстым. Сонау қасаң жылдары айырылысып кеткенбіз. Қазір әйелімнің үйінде, бір отбасы болып тұрып жатырмыз. Екі балам бар. Қызым 14-те, ұлым 12-де. Балаларым да спортқа жақын. Қызым каратэмен айналысады.

- Сіздің тағдырыңыз туралы көпшілік жұрт біле бермейді. Осы уақытқа дейін қайда болдыңыз?

-  Шынымды айтсам, мен қазір Қазақстан азаматы емеспін. Өмірімнің қиын сәттерінде Ресейге қоныс аудардым. Әлі де сол елдің  азаматтығындамын. Енді қайтадан өзімнің туған жерімнің, Қазақстанның азаматтығын алғым келеді. 

- Қазір спортты, әсіресе осы зілтеміршілерге қатысты допинг дауына байланысты не айтар едіңіз?

- Расында біздің спортшыларға обал болды. «Саясат» дейді. Менің ойымша, саясат емес. Қателік кеткен болар. Бұрын ондай емес еді, қазір бәрі қиындап кетті. Чемпиондардың сағы сынбаса деймін. Негізінде чемпион деген атақ ең құрметті атақ. Оны иеленіп қана қоймай, лайықты алып жүру де керек. Ал нақты чемпион екеніңді тек 10 жылдан кейін ғана айта аласың. Себебі, кез-келген халықаралық ұйым осы уақыт аралығында спортшының  денсаулығын тексеруге құқылы. Ал соңы осылай аяқталып жатса, өкінішті-ақ. Сондықтан, чемпионмын деп бірден арқаны кеңге салуға болмайды. 10 жыл керек,  чемпион екеніңді дәлелдеу үшін.   

- Арманыңыз не?

- Арманым - халқымның сеніміне қайта кіру. Отбасымды орналастырып, өзімнің қабілетіме сай тұрақты жұмыс тапқым келеді. Менің осы көлік жөндейтін жұмысыма тілшілерден, журналистерден басқа  бірде-бір адам «Сергей, сен  чемпионсың ғой» деп  іздеп келген емес. Бірақ, мен қазір кімге керекпін?!

Дәл осылай деп ойын аяқтаған Сергей Филимонов, өміріндегі қара жолақты кездерін қайта есіне алғысы келмеді. Ол сүйікті спортына қайта оралғысы келеді. Қазақстанның жас зілтеміршілерін жаттықтырғысы, чемпиондар шығарғысы келеді.

Сергей Филимонов Алматы облысы Қаратал ауданы Үштөбе қаласында 1975 жылы дүниеге келген. Ауыр атлетикаға қызыққан бала Сергей 9 жасынан бастап осы спорт түрімен айналысты. Ол Қазақстан атын әлемге танытты. 2004 жылы Афина олимпиадасының күміс жүлдегері.  77  келі салмақ дәрежесінде ауыр атлетика бойынша әлем рекордын жаңартқан, Еуропа және Азия чемпионы.

null 

Соңғы жаңалықтар