Әділетті әлем, қауіпсіз орта: G-Global - академиялық орталықтар әлеуетін біріктірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда «Тұрақты адамзаттық дамудың жаңа парадигмасы. G-Global - жаһандық диалог форматы» атты халықаралық конференция өтуде. Қазақстанда Елбасының G-Global идеясының аясында әлемдік академиялық орталықтар мен ұйымдардың әлеуеті бірікті­ріліп отыр.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сена­ты­ның төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев конфе­рен­цияға қатысушыларға Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді. Мемлекет басшысының үндеуінде G-Global жобасы аймақтық және халықаралық ауқымда табысты жүзеге асырылып келе жатқаны, дарынды жас адамдардың және қоғамдық ұйымдар мен бизнес құрылымдардың қуатты интеллектуалдық әлеуетіне ие екені атап өтілді. «Пікірсайыстың халықаралық тұрпаты тиімді басқару жолдарының қанат жаюы үшін G-Global-ды адамдардың, ресурстар мен қоршаған ортаның арасындағы өзара қарым-қатынастарда үйлесімді және қарқынды теңдікке қол жеткізушіге айналдырады», - делінген Н.Назарбаевтың құттықтау сөзінде.

Академиялық ықпалдастық пен ғаламдық хаб­тың атынан ұйымдастырылып отырған бұл кон­фе­ренцияның маңыздылығын атап өте келіп, Қ.Тоқаев өз сөзінде әлемдік дамудағы жаңа парадигма­ны әзірлеу қажеттігін қазіргі замандағы қатерлер ай­қындап отырғанына тоқталды. Қазақ­стан осы мәсе­лелерді шешуге өз үлесін қосатын болады. Конференция адамзаттың жаһандық үнқату­ларын шешуге бағытталған жаңа парадигманы жасау мен жүзеге асыру жөніндегі көрнекті шетелдік және отандық сарапшылар, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, ақыл-ой иелері үшін ерекше әлемдік диалогтық алаң болып табылады. Алматы кездесуінің басты ерекшелігі - аталған тақырып тұңғыш рет «G-Global» платформасында - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бас­тама етіп көтерген жаһандық диалог алаңында тал­қыланып отыр. «Президент Нұрсұлтан Назарбаев әділетті және қауіпсіз әлем тәртібін қалыптастыру мақсатында әлемдік қоғамдастықты біріктіруге күш салуға бағытталған G-Global бастамасын көтерді. Бұл бастама жаһандық мәселелерді талқылаудың қа­ғидатты түрдегі жаңа түрін қарастырады», - деді Сенат Төрағасы. Халықаралық қатынастарда тең құқықтылық пен өзара құрмет қағидалары үстемдік құруы тиіс. Осы ретте Қазақстан қырғи-қабақ соғыстың таптаурын көзқарастарын еңсере отырып, өзара сенімді жаһандық тұрғыдағы іс-қимылдың негізі ретінде нығайта отырып, әлемдік экономиканы дағдарыстар мен рецессияның шырмауығынан шығаруға болады деген пікірді ұстанады. G-Global бастамасында көзделген ХХІ ғасырдағы әлемдік тәртіптің негізгі қағидалары көпполярлы әлемдегі біріккен берік іргетас болады. Адамның орнықты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті өзгерістер туралы өз ойларын ортаға салған Қ.Тоқаев жаңа парадигма туралы он тұжырымын ұсынды. Олар: Бірінші. Экономикалық қызметтің мән-мағынасындағы басымдықтар нақтылауды талап етіледі. Экономиканы дамытудың түпкі мақсаты - адамдар өмірінің сапасына қатысты: ғылымды дамыту, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет мәселелерін шешу.

Екінші. Орнықты дамудың жаңа парадиг­масындағы маңызды мәселе экологиялық мәсе­лелерді қайта бағалау болып табылады. Қоршаған ортаны сақтау және қайта түлету - өркениеттің орнықты дамуының міндетті шарты. Үшінші. Орнықты дамуды қамтамасыз етуде адам капиталының ерекше рөлі бар. Оған байланысты БҰҰ-ның «Мыңжылдықты дамыту мақсаттары» бағдарламасы және оны 2015 жылдан кейін іске асыру ерекше маңызға ие. Төртінші. Адам дамуының жаңа тұжырым­да­масы жаһандық ауқымдағы әлеуметтік теңдікті теңестіру жолымен бұл жағдайды еңсеру жөніндегі шараларды қарастыруы тиіс. Бесінші. Даму жолындағы, кедей елдер өзіне ерекше назар аударуды талап етеді, олар экономикалық реформаларды жүзеге асырады және саяси институттарды трансформациялай отырып, орнықты даму жолына шығуға күш салуда. Алтыншы. Жаңа әлем тәртібі тұжырымда­ма­сында әлемдік өркениет үшін әр мәдениеттің теңдей құндылығында алуан мәдениет шоғыры қағидалары көрініс табады. Жетінші. Адамдарды, экономиканы және мем­лекетті бір біріне қарсы қоятын жаппай бәсе­келестік парадигмасын қайта ойластыру қажет. Бұл жерде тең құқықтылық, өзара құрмет және ортақ игілік үшін бірлескен еңбек тұр­ғы­сында өзара тиімді ынтымақтастық назарға алынуы тиіс. Сегізінші. Орнықты даму парадигмасы қауіп­сіздіктің қазіргі және келешектегі қатер­лерін ескере отырып, жаңа әлемдік тәртіп қалыптастыруды көздеуі тиіс. Тоғызыншы. Қауіпсіздіктің жаңа парадигмасы: терроризм және экстремизмнің жолын қалай кесу керек, өркениет айырмалары туындау қаупін қалай алдын алу керек, әлемдік саясаттағы жанжалдардың әлеуетін азайту сауалдарына жауап беруі тиіс. Оныншы. Орнықты даму демократия негізінде ішкі саяси тұрақтылықты көрсетеді, бірақ оны сырттан әкелмей, тарихи тәжірибені, елдің мәдени дәстүрлерін ескеру маңызды. Қарашаның 5-7-сі аралығында өтіп жатқан Алматы конференциясы дамудың жаңа парадигмасын іздеу мен осы заманғы әлемдік құрылымды жетілдіруді терең зерттеу мен талқылау үшін кең ауқымды қамтитын қоғамдастықтар мен ғылыми-ағарту бірлестіктер өкілдерінің басын қосты. Белгілі шетелдік және отандық сарапшылар, ірі мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлер, әлемге әйгілі ғалымдар білім беру реформаларын, ғылымның әлеуметтік жауапкершілігін, эко­­номика мен экологияның ықпалдастығын, жұмыспен қамтуды, заң үстемдігін, қауіпсіздік мә­се­лелерін талқылауда. Сөйтіп, көптеген халық­аралық ғылыми және білім беру ұйымдары тығыз ынтымақтастықта қалыптасып отырған жағдайдан шығар жолды табуға күш салады. Форум аясында WAAS пен әлем универ­си­теттері консорциумының президенті Эйтор Гургулино де Соуздың, WAAS-тың бас атқарушы директоры Гарри Джейкобстың, Рим клубының вице-президенті Роберто Печчеидің, Бүкіләлемдік өнер және ғылым академиясының құрметті президенті Иво Шлаустың, Халықаралық Жасыл Айқыштың президенті Александр Лихо­тальдың, Адамды зерттеу институтының прези­денті Альберто Зукконидің, «Өзгерістер әріптестігі» халық­аралық ұйымының төрағасы Ингрид Стейнж­дің қатысуымен баспасөз мәсли­хаты болып өтті. БАҚ өкілдерімен жүздескен спикерлер тұрақты даму жөніндегі ағартушылық-зерттеу бағ­дар­ламаларын және ақпаратты, идеологияны таратушы орталықтар дәл осы университеттер болуға тиіс екендігін ерекше атап көрсетті. Тұрақты даму үшін қоғамға экология, қоршаған ортаны қорғау, қуат үнемдеу салаларында кәсіп­қой мамандар қажет. Адамзатқа ортақ мәсе­лелерді шешу ісінде, диалог жүргізуде және тәжірибе алмасуда әртүрлі елдердің академиялық бірлестіктері күштерін біріктіріп, табысты түрде ынтымақтастық орнатуға тиіс. Бұл бағыттағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әрекеті үлгі етуге тұрарлық.

Соңғы жаңалықтар