Әділет органдарында сыбайлас жемқорлық 67 пайызға азайды - министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әділет органдарында сыбайлас жемқорлық 67 пайызға азайды. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінің аппарат басшысының міндетін атқарушы Асқар Үмбетәлиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылы факторлық-балдық шкала бойынша ілкі жоба барлық аумақтық әділет органдарында қосымша қаржыландырусыз өз қаражаттары есебінен енгізілді. Жоба нәтижелі өтуде. Қызметкерлердің еңбекақысы орта есеппен 60 пайызға дейін өсті. Мәселен, бас сарапшы ФБШ енгізілгенге дейін 130 мың теңге, ал шкала енгізілгеннен кейін - 207,5 мың теңге алды. Әділет органдары бойынша қызметкерлердің таза ауысымдылығы 2019 жылмен салыстырғанда 43 пайызға дейін қысқарғаны байқалады», - деді ол министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.

Оның дерегінше, Президенттік жастар кадрлық резервінен 3 қызметкердің лауазымы жоғарылады. Министрлікте «Болашақ» Президенттік бағдарламасының 57 түлегі және Мемлекеттік басқару академиясының 26 түлегі қызмет етеді. «Болашақ» бағдарламасы бойынша - 20 және Мемлекттік басқару академиясында 6 қызметкер оқиды. Қызметтік міндеттерін тиімді орындаған 36 қызметкер мансабы бойынша сарапшыдан бас сарапшыға, бас сарапшыдан бөлім басшысына, бөлім басшысынан директордың орынбасарына жоғарылатылды.

«Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық 67 пайызға азайды. Министрлікте 2019 жылдың шілдесінен «ADALDYQ ALANY» жобалық офисі табысты жұмыс істейді. Офис күнделікті сыбайлас жемқорлықты жоюға және азаматтардың мемлекеттік билік институттарына деген сенім деңгейін арттыруға бағытталған іс-шаралар өткізеді. Жобалық офистің іске асырылуының жағымды жақтарын ескере отырып, министрлік 2020 жылы аумақтық әділет органдарында өңірлік офистерін ашты», - деді Асқар Үмбетәлиев.

.


Соңғы жаңалықтар