Әділет министрлігі жеке мәліметтердің сыртқа жариялануын жоққа шығарды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әділет министрі Марат Бекетаев жеке тұлғалар туралы мәліметтердің сыртқа жарияланып кеткенін жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін Кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығы «Жеке тұлғалардың интеграцияланған мәліметтерінің мемлекеттік базасындағы» 2020 жылдың басынан бергі қордаланып, жиналып қалған 24 500 аудиожазба мен телефон әңгімелері, азаматтардың жеке мәліметтері әлеуметтік желілерде қолжетімді болып қалғанын жария етті. Бұған қатысты не айтар едіңіз?» - деген сұрақ қойылды Марат Бекетаевқа ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Бұл сұраққа жауап берген министр кейбір БАҚ-тан осындай ақпаратты көргенін растады.

«БАҚ-тағы мақалалардан кейін мәліметтер базасының бәрін қарап шықтық. Жеке тұлғалар туралы мемлекеттік мәліметтер базасы туралы айтар болсақ, ешқандай ақпарат сыртқа шығып кеткен жоқ. «1430kz» деген жүйе жеке тұлғалар туралы мемлекеттік мәліметтер базасымен интеграцияланбаған. Бұл базадан мәліметтердің сыртқа шығып кеткені туралы әңгімелер еш негізсіз», - деді ол.

Сонымен қатар министр өз сөзінде мемлекеттік мәліметтер базасы қалай қорғалатынын айтып берді.

«Бұл жүйелер мемлекеттік органдардың серверлік орталығына орналастырылып, ақпараттық қауіпсіздік жедел орталығына қосылған. Жедел орталық ақпараттық жүйелерге тәулік бойы мониторинг жасайды. Жеткілікті деңгейде бұл базалар қорғалған», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар