Әділет министрлігі заң жобаларының сапасын жақсарту үшін түбегейлі шаралар қабылдауы қажет - Асқар Мамин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспар жобасы қабылданды. Жоспар жобаны Үкімет отырысында ҚР Әділет вице-министрі Наталья Пан таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әділет министрлігі Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия мүшелерімен бірлесіп, Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспар жобасын әзірледі. Жоспар жобасы Президент пен мемлекеттің стратегиялық құжаттарында айқындалған міндеттер негізінде әзірленген. Жоспар жобасы 16 заң жобасын әзірлеуді көздейді. Олар: әлеуметтік қамсыздандыру, дене шынықтыру және спорт, арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары, ерекше тауарларды бақылау, визуалдық ақпарат және басқа салаларды одан әрі дамытуға бағытталған», - деді Наталья Пан.

Оның айтуынша, 2020 жылы жаңа 2 заң жобасын әзірлеу жоспарланған. Олар: Ерекше тауарларды бақылау туралы және Өсімдік әлемі туралы заң жобалары. Ерекше тауарларды бақылау туралы заң жобасы жаңа редакцияда әзірлеу ұлттық бақылау жүйесін жетілдіру, ұлттық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Ал Өсімдік әлемі туралы жаңа заң жобасын әзірлеу өсімдік дүние нысандарын қорғау саласындағы қатынастарды реттеуді қамтамасыз ету, тиімді басқару үшін жағдай жасау мақсатында қажет.

«Мұнан бөлек, алдағы жылы Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарынан туындайтын 2 заң жобасы Парламентке енгізілетін болады», - деді ол.

Вице-министр дерегінше, 2020 жылдың 1-жартыжылдығында Парламентке аталған 16 заң жобасының 4-еуін, 2-жартыжылдықта 12-сін енгізу жоспарланған.

«Заң жобалау жұмыстарының сапасына Парламент те, Президент Әкімшілігі де сын-ескертпелер айтып отыр. Сондықтан Әділет министрлігі заң жобаларының сапасын жақсарту үшін түбегейлі шаралар қабылдауы қажет. Жоспар жобадағы заң жобаларын Мәжіліске енгізу мерзімдері белгіленген. Заң жобаларының басым бөлігі 2-жартыжылдықта енгізу жоспарланған. Бұл бір жағынан оларды сапалы әзірлеуге мүмкіндік береді. Әділет министрлігі осы мәселені ерекше бақылауға алсын», - деді өз кезегінде ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин.

Соңғы жаңалықтар