Әдемі сөздің артында мүлде басқа мақсат тұр – Нығматулин туристік қызмет туралы заңды сынға алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин туристік қызметке қатысты заңға енгізілетін кейбір өзгеріс негізсіз екенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәжілісмендер алдында Қазақстанның кейбір заңнамалық актісіне туристік қызмет мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы заң жобасын қорғаған болатын. Заң жобасы бойынша Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин пікір білдірді.

«Заң жобасы бойынша туроператорлық жұмысты үш түрге бөлу – сіздерге не үшін керек болғанын ашық айту керек. Ол ең алдымен туристерді сыртқа шығаратын туроператорлардың санын анықтау үшін керек болды. Солай ғой!?» - деп сұрады Нұрлан Нығматулин министрден Мәжіліс отырысында.

Ақтоты Райымқұлова бұған дейін шетелге шығатын қазақстандық туристерге қызмет көрсететін туроператорлардың кейде жабылып қалып, мұның қиыншылығын қарапайым туристер көргенін жеткізді. Сондықтан заң жобасы арқылы туроператорлар арнайы лицензиялаудан өткізіліп, сыртқы туризм саласында еңбек ететін турфирмалар санын айқындау көзделген.

Мәжіліс төрағасы министрдің бұл ұсынысымен келіспейтінін мәлім етті.

«Мен бұл ретте «Атамекен» палатасының позициясын қолдаймын. Сыртқы турист «Бүркіт» жүйесінен бастап Шекара қызметіне дейін қаншама тексерістен өтеді. Бәрі де бақыланады. Туроператорлардың санын айқындау сіздерге бір мақсат үшін ғана керек болды. Ол – туроператорларды «Туристік қамқор» қорына жарна аудартуға міндеттеу. Бары осы! Министр ханым, бизнесті қорғаймыз деудің қажеті жоқ. «Атамекеннің» бұл мәселені уақтылы көтергені қандай жақсы болған. Әдемі сөздің артында мүлде басқа мақсат тұр. Мынадай жоғары мінберде бизнесті қорғаймыз деп ұрандап, туристік компанияларға керісінше қысым көрсетуге тырысудың қажеті жоқ», - деді Нұрлан Нығматулин.



Соңғы жаңалықтар