Адамзат VS COVID-19: Әлем елдеріндегі ахуал қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 12 миллионнан асқан. 548 мыңнан астам адам қайтыс болды. Жұқтыру мен өлім-жітім статистикасы күн санап артып, адамзат әлі індетті еңсере алмай тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ДСҰ инфекцияның таралуы өршіп жатқанын жариялады. Өткен демалыс күндері әлемде 400 мың адам ауру жұқтырған. Алайда әлемде ауруға шалдығу деңгейі өсіп бара жатқанына қарамастан, ДСҰ басшысы Тедрос Гебрейесус әзірге әлемнің пандемия шыңына жетпегенін жария етті.

Аурудың негізгі ошағы мына мемлекеттер:

- Үндістан. Күн сайын індетке шалдыққандар саны 20 мыңнан асып отыр. Тек соңғы тәулікте 24 248 адам ауырған. Бұл ел аурудан қайтыс болғандардың жалпы саны бойынша әлемде 8-ші орында;

- Бразилия. Осы аптада елдің денсаулық сақтау министрлігі бір тәулік ішінде коронавирус жұқтырғандар саны 38 мыңға жуықтағанын хабарлады. Қайтыс болғандар саны мыңнан асады. Ел Президенті Жаир Болсонару да коронавирусқа шалдыққанын растады;

- Израиль. Коронавирус жағдайының нашарлауына байланысты билік шектеулерді қайта орнатты. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху мәлімдегендей, егер аптаның басында елде COVID-19 жұқтырғандар саны шамамен бір жарым мың адам болса, соңғы күндері бұл көрсеткіш екі есе өскен. Барлар, клубтар, спорт залдары жабылды, бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынды;

- Оңтүстік Корея. Маусым айының соңында Оңтүстік Корея билігі коронавирус инфекциясын жұқтырудың екінші толқыны басталғанын мәлімдеді. Тэджон қаласында әлеуметтік қашықтықтың қатаң шаралары енгізіліп, спорт залдар, музейлер мен кітапханалар жабылды;

- Ресей. КВИ жағдайы қазіргі Ресей президенті Владимир Путиннің рейтингіне ықпал етті. «Левада-орталықтың» мәліметі бойынша, сәуір айында оның рейтингі 59%-ды, мамыр айында - 25%-ды құрады. Бұл ел басқарған 20 жыл ішіндегі рекордтық ең төменгі көрсеткіш. Сарапшылардың айтуынша, коронавирус жағдайы маңызды рөл атқарған. Халық ресми статистикаға, емдеу хаттамаларына сенбейді;

- Еуропа. Жағдайдың қалпына келіп жатқанына қарамастан, жекелеген елдерде аурудың өршуі байқалады. Мысалы, Испания мен Сербияда. Сербия билігі Белградта 10-13 шілде аралығында коменданттық сағат режимін енгізетінін жариялады. Қалада COVID-19 ауруының 299 жаңа жағдайы анықталды, 13 адам қайтыс болды. Төтенше жағдай Сербияның 19 қаласы мен аудандарында да жарияланды;

Бұл ретте жаңа шектеулер енгізу жоспары туралы мәлімдеме Белград орталығындағы жаппай наразылықтар мен тәртіпсіздіктерге себеп болды. Наразылыққа шығушылар полиция кордондарына шабуылдап, автомобильдер мен қоқыс жәшіктерін өртеді. Парламент ғимаратының алдында бес мыңға жуық адам жиналды, олардың оппозициялық белсенділер басқарған бір бөлігі ғимаратқа баса-көктеп кірді;

Сонымен қатар, ЕО-да экономикалық белсенділік төмендеп жатыр. Сарапшылар Еуропа экономикасының осы жылы 8,3%-ға құлдырағанын және келесі жылы 5,8%-ы қалпына келетінін болжап отыр (сәуірдегі болжамда -7,4% және +6,1% болды);

- АҚШ. АҚШ-тың бас эпидемиологы Энтони Фаучи АҚШ коронавирустың алғашқы толқынында «тізе бүгіп» қалды деп санайды. АҚШ-та коронавирустан көз жұмғандар саны дүйсенбі күні 130 мың адамнан асты, індетке шалдыққандар 3 млн-ға жуықтады. Шектеулер ішінара алынып тасталғаннан кейін кейбір штаттардағы ауруханалар лық толды;

- Аустралия. Мельбурн қаласында коронавирусқа байланысты алты апталық локдаун енгізіледі және адам көп қоныстанған Виктория мен Жаңа Оңтүстік Уэльс арасындағы шекара белгісіз мерзімге жабылады.

Осынау күрделі кезеңде Қазақстанда індетпен ымырасыз күрес жүргізіп жатыр. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты үндеу жариялаған болатын.

Президент отандастарымызды халқымыздың басына түскен сынақ алдында қайсарлыққа, сабыр мен жауапкершілікке шақырды.

Сондай-ақ осы уақытқа дейінгі жұмыстың кемшіліктерінің себебін атады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету проблемасы таяу арада шешімін табады.

Сондай-ақ қолға алынатын шаралардың арқасында Қазақстанда алдағы уақытта халықтың ПТР-тестіден өту жиілігі тәулігіне 40 мыңға жеткізілмек.




Соңғы жаңалықтар