Адамдарға денсаулық сыйлай білсек, одан артық бақыт жоқ – оралдық медбике

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Адамдарға денсаулық сыйлай білсек, одан артық бақыт жоқ. Облыстық онкологиялық диспансердің бас медбикесі Наталья Ушаева осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Наталья Ушаева – жоғары санатты маман, еңбек өтілі – 15 жыл.

-Наталья Анатольевна, әр нәрсенің бастауы болады, сіз дәрігерлік мамандықты қалай таңдадыңыз, оған не себеп болды?

-«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», деген, адам үшін ең қымбаты – өзінің отбасы, өскен ортасы. Өз ата-анамды өмірдегі басты ұстаздарым санаймын. Әсіресе, анам мен үшін балалық шақтан үлгі болып, жол көрсете білді. Оның өзі де қырық жыл бойы медицина қызметкері болып еңбек етіп келеді. Сондықтан болар, Оралдағы «Мақсат» медицина колледжін 2005 жылы бітіргеннен кейін облыстық клиникалық ауруханаға жұмысқа тұрдым. Сонда сегіз жыл бойы жансақтау бөлімінде медбике, сосын анестезист медбике болып қызмет еттім. Медицина саласында өз білім-білігіңді жетілдірудің маңызы зор. Соны терең түсініп, 2014 жылы жоғары білім алуға бет бұрдым. Ол ойым жүзеге асып, 2017 жылы В.Разумовский атындағы мемлекеттік медицина университетін «медбике ісі» мамандығы бойынша тәмамдадым. 2018 жылдан бері облыстық онкологиялық диспансерде бас медбике ретінде еңбек етіп келемін.

Қазіргі таңда өзім де екі керемет ұл тәрбиелеп отырған анамын. Олар да маған мақтаныш сезімін ұялатып, тірек болып келеді.

-Осы қиын да қастерлі іске баулуда, бағыт сілтеуде тәлімгерлеріңіз де болған шығар?

-Әрине, менің қызмет баспалдағымен көтерілуіме облыстық аурухананың бас медбикесі Ольга Бошенятова, ең бірінші басшым Ерлан Тоқсанов көп еңбек сіңірді. Ерлан Виленұлы осы күнге дейін бастамаларыма үнемі қолдау көрсетіп отырады. Өз тәжірибесімен, ақыл-кеңесімен бөлісіп, мені демеген жандар аз болған жоқ. Соның ішінде облыстық ауруханада жансақтау бөлімінің меңгерушісі болған Виктор Ширяев, аға медбике қызметін атқарған Гуля Логинова, Надежда Шабанова, медбикелер Үміт Құбайдуллина, Татьяна Даниленко, Татьяна Паксютова, Маягүл Уахитова және басқаларының есімдерін ерекше ризашылықпен атар едім.

-Қазіргі ұжымыңыз жөнінде не айтар едіңіз?

-Облыстық онкологиялық диспансер ұжымы ұйымшыл, онда әр қызметкер өз жауапкершілігін жақсы түсінеді. Шын мәнінде қоян-қолтық жүріп, бір-бірімізді қолдап, еңбек етпейінше, табысқа жету мүмкін емес. Ауруханаға түскен әр адам дәрігерге сеніп келеді, олардың сенімін ақтау – қасиетті парыз. Сырқат жандарды емдеу, күтумен бірге жылы сөзімізбен де демеу бола білуіміз керек. Осы міндетін мүлтіксіз атқарып жүрген жоғары білікті мамандар арамызда аз емес. Халықаралық медбикелер күніне орай көптеген әріптестерім құттықтау алып, алғыс естіп жатса, бұдан артық қандай баға болуы мүмкін!

Алдағы уақытта да ұжымыма арқа сүйей отырып, өз кәсіби білігімді одан әрі жетілдіре түспекшімін. Қиындықтарға қарамастан, әр адам өзінің көздеген мақсатына жете алады. Қазіргідей кезеңде кім-кімнің де мүмкіндігі, қажыр-қайраты мол, тек соны қажетті арнаға бағыттай білуі керек. Ең жақын адамдарының махаббаты мен қолдауы арқасында әркім де табыс пен бақытқа қол жеткізе алады. Мұны өз өмірлік тәжірибемде көз жеткіздім.


Соңғы жаңалықтар