«Адалдық алаңы» жобалық кеңселерінің әлеуеті жеткілікті пайдаланылмай отыр – Шпекбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Адалдық алаңы» жобалық кеңселерінің әлеуеті жеткілікті пайдаланылмай отыр. Бұл туралы тұрмыстық сыбайлас жемқорлық мәселелеріне арналған кеңес барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Агенттік ақпаратына сәйкес, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев министрліктердің жауапты хатшыларымен және «Адалдық алаңы» жобалық кеңселері басшыларының қатысуымен тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Сондай-ақ кеңеске орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары, әкімдіктердің өкілдері және Әдеп жөніндегі уәкілдері қатысты.

Кеңес барысында А.Шпекбаев «Адалдық алаңы» жобалық кеңселерінің әлеуеті жеткілікті пайдаланылмай отырғанын атап өтті. 2019 жылы ашылған жобалық кеңсенің мақсаты – тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою, меморгандардың ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда қоғамдық бақылауды күшейту.

Оның айтуынша, жобалық кеңселер бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға және мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды жеделдетуге, open space және фронт-кеңселерді енгізу арқылы жемқорлыққа қарсы бастамалардың генераторы болуы тиіс.

Өз кезегінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» бастамасын іске асырудың оң мысалы ретінде Қазақ мемлекеттік заң университетінің провосты С.Г. Пен басшылық ететін Білім және ғылым министрлігінің «Адал білім» жобалық кеңсесінің тәжірибесі атап өтілді.

А.Шпекбаев шара соңында қатысушыларды тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою бойынша әзірленіп жатқан жол картасына ұсыныстар енгізуге шақырды. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қабылдамағаны үшін жауапкершілік туралы ескертілді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықты азайту бойынша лайықты бастамалары жоқ басшылар туралы баяндауды тапсырған болатын.


Соңғы жаңалықтар