«Адал көмек» жобасы 18 мың адамға қол ұшын созды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Адал көмек» жобасы аясында 18 мың адамға көмек көрсетілді. Бұл туралы жоба жетекшісі Айман Умарова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің жоба бастапқыда әлеуметтік осал топтарға арналған еді. Бірақ біздің жобаға тек қана осал топтар емес, әртүрлі адамдар хабарласып, кеңес алып жатыр. Түпкі негізгі мақсатымыз – осал топтарға көмектесу. Бірақ менің түсігінімше, заңда осал деп танылған тұлғаларға ғана емес, қиын жағдайға тап болған барлық адамға көмек берілуі қажет», - деді Айман Умарова Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі ұйымдастырған онлайн сұхбатта.

Оның айтуынша,18 мыңнан астам адам «Адал көмек» жобасына жүгінген. Кейбірі телефон арқылы хабарласып консультация алып жатыр.

Сонымен бірге, жоба жетекшісі алдағы уақытта ұйымдастырылатын жобалар туралы айтып берді.

«Адал көмек» аясында шет елдерден келіп жатқан отандастарымызға көмек көрсететін арнайы жоба жасалады. Мұндағы ең басты мәселе – көшіп-қону және адамдарға құжаттар алу бойынша консультация көрсетіледі. Сонымен бірге балаларға және түрмедегі тұтқындарға көмек көрсететін жобаларды да қолға алдық», - деді А. Умарова.

Айта кетейік, Айман Умарова – ҚР Президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі және республикаға танымал адвокат.


Соңғы жаңалықтар