Әбсаттар Дербісәлі: Әл-Фараби - әлемдік деңгейдегі, құпияға толы тұлға

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Әл–Фараби қазақ халқының мақтанышы, әлемдік деңгейдегі тұлға. Р.Б. Сүлейменов атындағы шығыстану институтының директоры Әбсаттар қажы Дербісәлі ғұлама ғалым туралы осылай пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның пайымынша, әл-Фарабиді, Абайды насихаттау арқылы Қазақстанды да насихаттаймыз. Әлем Қазақ елін осы ғұламалар арқылы да тани түседі.

«Әл– Фараби тек қазақ халқының ғана емес әлемдік деңгейдегі тұлға. Біз әл-Фараби мен Абайды көтеру арқылы елімізді көтеріп, насихаттап жатырмыз. Осы тұлғалар арқылы Тәуелсіз еліміздің беделін арттырып отырмыз. Бұл кісі өмір бойы білім іздеген адам. Оны насихаттау әр адамның парызы деп ойлаймын. Ол келешек ұрпақ үшін қажет. Ресми деректерге сүйенер болсақ, 200-ге жуық шығарма жазған адам. Соның 100-ге жуығы бізге жетіп отыр. Әл – Фарабиді әлі де зерттеу қажет. Ол құпияға толы тұлға», – деді Әбсаттар Дербісәлі.

Шығыстанушы осыдан елу жыл бұрын Әбу Насыр әл-Фарабидің 1100 жылдығына арналған конференцияға қатысқанын айтты.

«1975 жылы Алматы қаласында әл– Фарабидің 1100 жылдық конференциясына қатысқан едім. Содан бері жарты ғасыр уақыт өтті, талай дүние өзгерді. Қазақстан тәуелсіз ел болды. Әл– Фараби бабамыздың мұрасы тереңірек зертеле бастады, оның атымен осы жоғары оқу орны аталады. Сонымен қатар ,ойшылдың есімі көшелерге беріліп жатыр. Осының өзі үлкен бақыт»,- дейді ол.

Бүгін Қазақстан әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеуді ресми түрде бастады.


Фото: anatili.kazgazeta.kz



Соңғы жаңалықтар