Әбдіғаппар Сманов жаназасына жиналған көпшілік ҚМДБ пәтуасына құлақ аспады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сарыағаш медресе колледжінің директоры Әбдіғаппар Смановты ақтық сапарға шығарып салуға адамның көп жиналуы - оның халық арасындағы жоғары беделіне байланысты. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Иә, өкінішке қарай ондай жайт болды. Індет кезінде діни рәсімді өткізуге байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 18 маусымда нұсқаулық жариялаған болатын. Ал 1 шілде күні Сарыағаш ауданында болған жағдай марқұм Әбіғаппар Сманов мырзаның халық арасындағы беделіне, жақсы көретін шәкірттерінің көптігіне байланысты болған. Жаназадан бұрын, марқұм қайтыс болған күні Түркістан облысының бас имамы Мұсабек Ақтамберді ҚМДБ нұсқаулығы шыққанын, санитарлық нормаларды сақтау керектігін және жаназа намазы барлық адамға бірдей парыз еместігін айтып, видеомәлімдеме жасаған еді. Алайда, жаназаға сол ауылдың, көршілес ауылдың азаматтарының келіп қатысқаны белгілі болды», - деді наиб мүфти Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

АЛ ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шығарып жатқан пәтуалар қасиетті Құранға, пайғамбар сүннетіне және біздің ата-баба дәстүрімізге сүйене отырып жасалатынын айтады.

«Ал шыққан пәтуа ханға да, қараға да бірдей. Мұны барлығымыз орындауымыз керек. Әрине, біздің жақсы кісілеріміз, жақындарымыз болады. Бірақ, пәтуа бұдан жоғары. Пәтуаға бағыну шарт. Ал жаназа намазы - кифая. Яғни, бірнеше адамның орындауымен қалған халықтың мойынынан түсетін құлшылық. Қазіргі жағдайда, індет жаппай тарап жатқан кезде біз адам өміріне қауіп төндірмеуді ойлауымыз керек. Ол жерге бір ауырған адам барып, сізге жұқса, сіз індетті отбасыңызға алып келсеңіз, онда біз үлкен күнә жасаған боламыз. Алла сақтасын. Алдағы уақытта құрметті жамағат ҚМДБ пәтуасына бағынып, осы пәтуаларды, мәлімдемені сақтауға шақырамыз», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Естеріңізге сала кетсек, 1 шілде күні Сарыағаш медресе колледжінің директоры Әбдіғаппар Смановты ақтық сапарға шығарып салуға өте көп адамның жиналғаны таспаланған видео тараған болатын.


Соңғы жаңалықтар