Абайға 175 жыл: Семейде мерейтойға дайындық барысы пысықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дауешов Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын ұйымдастыру жұмыстарын талқылау мақсатында Семей қаласына іссапармен барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, ол сапар барысында Бөрілідегі «М.Әуезов музей-үйі», Жидебайдағы «Абай музей-үйі», «Абай-Шәкәрім» мавзолей кешенінің және Семей қаласындағы бас музейдің жай-күйімен, мерейтойға дайындық және өткізу шараларының барысымен танысты.

Сонымен қатар Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын өткізу жоспарын таныстыру және Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің жаңа экспозициясын жасақтау жиынын өткізді.

ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Семей қаласының зиялы қауым өкілдеріне Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпы республикалық жоспармен таныстырды. Жалпы республикалық жоспарда Хакім Абайдың мұрасын насихаттауға арналған халықаралық, республикалық және өңірлік мәдени-көпшілік шаралар өткізу, Абай шығармаларын шет тілдеріне аудару, Абайдың өмірі мен шығармашылығы, мұрасы туралы деректі фильмдер түсіру, ғылыми-танымдық конференциялар, семинарлар мен шетелдерде ұйымдастырылатын іс-шаралар мен көрмелер және тағы басқа әртүрлі форматтағы шаралар жоспарланып отырғанын атап өтті.

Жиын барысында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің Семей қаласындағы бас ғимаратының, Абайдың шығармашылығы мен өміріне арналған жаңа экспозициясының тұжырымдама жобасы таныстырылды.

Республикалық «Абай» қорының Президенті, Абай ауданының құрметті азаматы О.Кәрібжанов, Абай ауданының құрметті азаматтары М.Толғанбаев, шежіреші М.Жанболатов, профессор абайтанушы А.Еспенбетов Жидебайдағы Абай музей-үйі, Семей қаласындағы бас музейдің жаңа экспозициясын жасау жөнінде пікірлерін айтып, Нұрғиса Дауешовке ұсыныстарын және алғыстарын білдірді.



Соңғы жаңалықтар