Абайдың ұмытылмас бейнесіне көрсетілген құрмет – Сарапшы Елбасы мақаласы туралы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Абайдың «Қара сөздері» өз замандастарына ғана емес, қазіргі рухани және қандас мұрагерлеріне де арналған. Бұл пікірді ҚР Президенті жандағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенова білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Абай аманаты» мақаласының жариялануы балалық шақтан қалыпты саналатын сабақтарды қайта қарастырып, ескі құндылықтарға жаңаша көзқараспен қарайтын кезең келгені туралы ойға жетелейді. Бала кезден бастап Ұлы Абай тұлғасы Алматыда Көктөбенің етегіндегі өз атындағы даңғылға сабырлы көз тастап тұрған монументалды ескерткішімен және қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің атақты «Абай жолы» романымен байланысты болды. Енді міне ғасырлар мен екі дәуірдің тоғысында өмір сүрген адамға тағы бір рет назар аударатын кез келді. Біз бұл мүмкіндікті Елбасының мақаласы, Мәңгілік туралы ойлау мүмкіндігінің арқасында алып отырмыз. Өйткені, Абай бұл ұғымды өзінің жеке басымен байланыстырады. Біз бұл адам туралы мектеп бағдарламасының стандартты білімінен басқа не білеміз? Ол өлең жазды, сүйді, уайымдады. Абай өтпелі, өзгермелі дәуірде өмір сүрді және оны жан-тәнімен сезіне отырып, өз халқының тағдырына алаңдады. Біз де осыдан отыз жыл бұрын бетбұрыс кезеңіне қадам бастық, қазақ ұлтының қалыптасуы жайлы Абайдың «Қара сөздері» өз замандастарына ғана емес, бізге – оның рухани және қандас мұрагерлеріне де арналған», - дейді З. Шәукенова.

Абай дәуірі туралы айта отырып, Елбасы қазақтарда жүзбе-жүз сөйлесетін, пікір алмасып, назы пен жан дүниесін бөлісетіндей билеуші болмағанын атап өтті. Бұған патша самодержавиесінің реформалары салдарынан дәстүрлі қазақ қоғамына тән хандық басқару жүйесінің толық жойылуы себеп болды. Дала тұрғындарын билік институттарынан одан әрі алшақтату процесі қазақ қызметтік мансабында болыстық, ауылнайлық немесе ресми кеңседегі тілмаштық қызметінен жоғары көтеріле алмауына алып келді. Абай өлеңдерінде туған өлкенің тағдырына деген терең қамқорлығы көрініс тапты.

«Елбасы айтқандай Абай – «халықтың дəстүрлі сөз өнерін, таным жүйесін, мінез бітімін түбірімен жаңаша түлеткен санаткер». Жаңа тәуелсіз мемлекет құру миссиясы Тұңғыш Президент үлесіне тигенде, ол дана Абайдың өсиеттеріне жүгініп, оларды жаңа түйсіну арқылы ел болашағының бейнесін өзінің санасында қалыптастырды. Елбасы бұл ретте өте орынды сұрақ қояды: Абай туған жерінің кейінгі тағдырын тани алды ма, болжады ма? Автор осы күндері КСРО-ның бұрынғы көптеген бауырлас республикаларында, тіпті көршілес елдерде қақтығыстар мен жанжалдар орын алған кезеңде, жер бетінен тұтас халықтар мен мемлекеттер жойылып жатқанда Абайдың «алты бақан алауыздықтан» деген ескертпе сөздерін еске түсіреді», - дейді З. Шәукенова.

Сарапшы осы уақытқа дейін тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы – Тұңғыш Президенттің идеялары өзектілігін жоймағанын атап өтті.

«Елбасы айтқандай, «Кеңес Одағы ыдырауының барысында жəне тəуелсіздігіміздің елең-алаңында өз ішімізде неше түрлі іріткі салғыш, ірге бөлгіш пиғылдар оянып, сын сағаты туғанда ел тізгінін ұстай отырып, тарихи тұрғыдан қалыптасқан көпэтностық пен көпконфессиялық жағдайын бірінші кезекте ескеру қажеттігін аңғардым. Бір жағынан сепаратистік əрекеттер бой көтергені байқалса, екінші жағынан ұлтшылдық дабыл қаққан аласапыран кезеңдерді бастан өткеруге тура келді. Сондай күрделі ахуалда түсіністіктен татулыққа, ымырадан ынтымаққа қол жеткізу арқылы ғана тұтастығымызды сақтадық». Міне, бұл жерде де ол ұлы Абайға арқа сүйеді. Н.Ә. Назарбаев жазғандай – «Ол қазақтың кең қолтық, ақ жүрек мейірбандығының жəне Алтай мен Атырау арасын сол қазақпен араласа жайлаған өзге ұлттардың Абай өнеге етіп қалдырған бауырластығының арқасында жүзеге асты», - деді ҚСЗИ басшысы.

Елбасы өз ізбасарын таңдауға да Абай көмектескенін тілге тиек етеді, ол туралы мақалада Н.Ә.Назарбаев былай дейді:

«Қазақстан тəуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеген Қасым-Жомарт Тоқаевтың адал əрі жауапкершілігі жоғары азамат екенін есепке алмағанда, оның елдегі ішкі жағдайды саралап қана қоймай, Шығыстың да, Батыстың да тілдерін меңгергендігін, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарғанын, əлемдік саясаттағы Қазақстанның орнын байыптай алатын дипломаттық қырын да ескердім. Сондай-ақ өзім айрықша мəн беріп келе жатқан ел бірлігі мəселесі мен адамзаттық құндылықтарды үйлестіру қабілетіне сенім арттым».

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойын ХХІ ғасырға қарышты қадам басқан тəуелсіз Қазақстанның бүгінгі саяси, экономикалық жəне мəдени жетістіктері аясында атап өту туралы шешім қабылдады.

«Абайдың ойы мен сөзін күллі əлемдік ауқымда мойындату мəселесін Кеңестер Одағы əлі тарамай тұрып, 1990 жылы халықаралық деңгейде көтерген едік. Бірақ ол кезде бізге құлақ аспады. Əрине, алдымыздан шыққан басты кедергі Қазақстанның дербес мемлекет еместігі еді. Сондықтан асқақ тілегіміз егемендік алғаннан соң ғана қабыл болды. Тұңғыш Президенттің Абай мерейтойы туралы «Абай мерекесі даңғойлықты көтермейді, ұлы адамды еске алу құрметіне, турасын айтқанда, атаулы күндері бізде үйреншікті болып кеткен шектен тыс аста-төк той жасаудың қажеті жоқ. Парасат, ақылға қонымдылық, ең бастысы, зиялық пен ұстамдылық қажет. Мерейтой даңғазадан аулақ, жоғары мəдениет аясында өтуі тиіс. Абайдың өзі бізді осыған үндеген жəне оның өсиетіне кереғарлық етуге болмайды» деген ойымен барлығы келіседі деп ойлаймыз. Мақала авторы және заманауи қазақстандық мемлекеттіктің негізін қалаушы Н.Ә.Назарбаев өз мақаласы арқылы Абайдың ұмытылмас бейнесіне құрмет көрсетіп қана қоймай, бізге – бүкіл қазақстандықтарға руханияттың ұлы иесінің барлық қыры мен бай мұрасын ашып отыр», - деді Зарема Шәукенова.


Соңғы жаңалықтар