Абайдың қорық-музейі ақынның мерейтойына бөлінген ақша қайда жұмсалатынын айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Абайдың «Жидебай-Бөрілі» Мемлекеттік қорық-музейінің директоры Жандос Әубәкір ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына бөлінетін қомақты қаражаттың қайда жұмсалатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған шараларға қомақты қаржы бөлініп отыр. Бұл осы жылы елдігіміз бен руханиятымыз үшін аса маңызды шара әрі мемлекеттік қана емес, халықаралық деңгейде атқарылатын зор міндет. Биыл осы мерейтой аясында жоспарланып отырған қаражат ірі халықаралық және республикалық қоғамдық маңызы бар ғылыми, ағартушылық іс-шараларға, Абай мұрасын насихаттауға бағытталған көрмелерге, жалпы ақын өмірінен сыр шертетін құнды жәдігерлерді сақтап отырған музей саласына жұмсалатын болады», - деді ол.

Музей директорының айтуынша, мерейтой аясында Абайдың қастерлі мекені – әйгілі Жидебайды абаттандыру, ұлы ақынның рухына тағзым етуге келетін жұртшылыққа қолайлы жағдай жасау көзделген.

«Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында атап өткендей, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру жоспарланып отыр. Бір сөзбен айтқанда бұл той Ұлы ақын Абайдың рухына тағзым етіп, мұрасын дәріптеп, барша әлем жұртшылығына Абайды таныту, қазақ елінің мәдениеті мен руханиятын паш ету үшін өткізілмек», - деді Жандос Әубәкір.


Фото: abay-museum.kz

Соңғы жаңалықтар