Абай жолымен жүрген ел озады – Тілекжан Рысқалиев

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Абай жолымен жүрген ел озады. Осы орайда философия ғылымдарының докторы, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры Тілекжан Рысқалиев өз ой-толғамын былайша білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз», деп атап өткеніндей, біз Абай жолымен жүрсек қана оза аламыз.

-Қазақтар Абайдың айтқанына еріп, Абай жолымен жүрер болса, кешегідей, бүгінгідей болмас еді, рухы да, намысы да жоғары, ұяты да қалыпты болар еді, - дейді ғалым.

«Жол» деген – киелі ұғым. Қытайда адамға дұрыс жолды ұсынатын даосизм деген Лао Цзының ілімі бар. Философия адам жолына, ғылым жолына, тарих жолына ерекше мән береді. Олардың жүріп өткен жолынан тәлім, тағылым іздейді, сабақ алады.

Мұхтар Әуезов қазақты, қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абайды әлемге танытқан шығармасын «Абай жолы» деп тегін атаған жоқ. Бүгінде бізге керегі де осы Абай жолы. Мен елімізге, қазақ халқына, биліктегілерге қазақ философиясына, мәдениетіне үлгі ретінде осы Абай жолын ұсынар едім. Абай жолында, Абай ілімінде бізге қажет нәрсенің біразы бар: нарық та, демократия да, бәсекелестік те, ғылым-білім де бар. Тек оны игере білу керек. Абайды оқымаған, білмейтін адам болмас. Бірақ қайсысы Абай жолымен жүріп келе жатыр – айту қиын.

Қытай озық деп Батыс үлгілерін жай ала салған жоқ. Өз жолымен, Конфуций жолымен жүріп келе жатыр. Қазір көш басындағы елдердің бірі.

-Тілекжан Хасенұлы, сіз белгілі философ ғалымсыз. Абайдың философиясы жөнінде не айтар едіңіз?

-Кейінгі кезде біз Абайдың философиясын ғана мойындап қоймай, оның ілімінің дәстүрлі философиямен, әлемдік философиямен үндесіп жатқанын да ауыз толтырып айта бастадық. Және бұл шығарып салма сөз емес, құрғақ декларация емес, барып тұрған шындық.

«Философия» деген сөздің мағынасы – даналық, даналыққа құмарлық дегенді білдіреді.

«Абай туындыларында даналық бар ма?» деген сұрақ қойсақ, есті адамдарға тым ерсілеу болып көрінері анық. Сонда да. Абай Сократты пір тұтады, оны тілге тиек етеді, Сократша ойлап, Сократша әңгімелескісі келеді. Сократша сұхбат құрып, оған 27 қара сөзін арнайды. Не үшін Абай Сократқа ден қойды? Әрине, даналығы үшін, білім-ғылымды жоғары бағалағаны үшін, халқына аянбай қызмет еткені үшін, надандықпен күрескені үшін, шәкірттеріне озық тәрбие бергені үшін Абай Сократты жақсы көреді, одан үлгі алады. Абай Сократты хакім, яғни дана деп қадірлейді.

Абай өзінің өмірлік миссиясын да Сократша түсінеді: халқына аянбай қызмет ету, бетке ұстар құндылықтарын атап көрсету, кемшілігін ашық, батыра айтып, халқын түзету. Сол үшін де Абай өз шығармаларында Сократша сынды, мысқылды, кекесінді көбірек пайдаланады. Сыншылдық та – философияға тән қасиет.

Батыста осы кезге дейін философияны ғылым деп, гносология, логика, методология деп таниды. Сондай философия болғаны, бар екені рас. Бірақ философияның төл қасиеті, негізгі қызметі – даналықты жүзеге асыру. Сократ үшін, Абай үшін философия, ең алдымен, даналық.

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім,

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Талай адамның басынан өткен, талай адамдарды өкіндірген нәрсе. Қазіргі жастарға да қатысы бар ұлағатты сөз.

Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,

Лапылдақ көрсеқызар нәпсіге ерме!

Әйел жақсы болмайды көркіменен,

Мінезіне көз жетпей, көңіл берме!

Қанша айтса да, жастарға жетпей жатқан, бірақ ешқашан да ескірмейтін шындық осы. Елімізде отбасын құрған жастардың жартысына жуығы көп ұзамай айырылысып жатыр. Мінезіне, біліміне, өнеріне, кісілігіне қарап қосылғасын ба? Жоқ, лапылдақ көрсеқызар нәпсіге ергендіктен.

Тағы да сол «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деген өлеңінен үзінді:

Жасаулы деп, малды деп байдан алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма.

Жастарға бұдан артық не айтуға болады?

Абайдың бәрімізге белгілі, белгілі болғанымен, санамызға сіңбей, басшылыққа алынбай, жаттанды сөз болып қалған «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінің алғашқы жолдарын келтірейін:

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

Тілеуің, өмірің алдыңда,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ

Бес дұшпаның білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой

Бес асыл іс көрсеңіз.

Бұл өлеңнің әрбір жолы – тұнып тұрған даналық. Абайдың өлеңдерін, қара сөзін талдап, тарқата білсек, осындай дана-лыққа тап боламыз.

Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» деген сөзін жастарға ғана емес, билік басындағы шенеуніктерге, депутаттарға да жолдауымызға болады.

Тәуелсіздік тұсында елімізде жалған ғалымдар көбейіп кетті. Бірде-бір ғылыми мақала жазбаған депутат, министр қалай және қандай ғалым болады? Бір кезде марқұм Герольд Бельгер «Парасат» журналында жазып еді: «Тағы бір министр политология докторы атанды. Қазақстан бастықтарының 80 пайызы ғылыми дәрежелі. Ғаламдағы ең оқымысты үкімет біздердікі» – деп.

Біздің ел ғылымға бөлінетін қаражат жағынан (шамамен 200 млн. доллар) көп елден артта қалып қойды. Әрине, бұл мақтанатын жайт емес.

«Орын» деген философияда жай сөз емес. Оның терең мәні бар және салмағы ауыр: әр нәрсенің дүниедегі орны, адамның дүниедегі орны, олардың біріне-бірі лайық болуы – қай кезде де күрделі мәселе.

Абайдың осы орын деген ұғымға мән беруі – даналық.

Абай атап көрсеткен «бес дұшпан»: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – бүгін де біздерге, қазақтарға әл берер емес. Олармен күресу ойымызға да кірмейді.

Абайдың адамға қойған талаптары бүгін де өзекті болып табылады. Адам бүгін де адам болу үшін Абай ұсынған бес асыл істі игеруі керек.

-Ұлы Абайдың өлең-сөздері ескірмейді дейсіз ғой. Адам болу үшін не істеуіміз керек?

-«Адам бол!» – Абай философиясының өзегі. Адам әзір күйде туа салмайды, адам болып қалыптасады. Адам болу – екі жақты процесс. Бір жағынан, бұл қоғамға, отбасына, ата-анаға, солар арқылы қалыптасқан жағдайға байланысты, екінші жағынан, адамның өзіне, оның талабына, ынтасына, жігеріне байланысты. Адамды күштеп, зорлап адам қыла алмайсың. Адамды сырттан күштеп инабатты, мәдениетті қыла алмайсың. Адамды зорлап оқытып, маман қыла алмайсың. Оқу да, ғылым да, өнер де – бәрі де талаппен, ынтамен, жігермен келеді. «Кісіде бар болса талап, отырмас ол бойын балап. Жүрер, әрқайдан ізденер, алар өз сүйгенін қалап», – дейді хакім Абай.

Адам еңбек етеді, өседі, жетіледі, бақытты болады. Еңбек – Абай іліміндегі жиі сөз болатын ұғымдардың бірі. Адамға еңбектің қай түрі де жарасады. «Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе, ең болмаса, еңбекпен мал табалық»; «Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас, еңбек қылмас, еріншек адам болмас». «Болмасын кекшіл, болсайшы көпшіл, жан аямай кәсіп қыл. Орынсыз ыржаң, болымсыз қылжаң. Бола ма дәулет, нәсіп бұл? Еңбек қылсаң ерінбей – тояды қарның тіленбей». Даналық деген осы болса керек.

Абайдың сол кездің өзінде-ақ терең ойды алға тарта беруі – таңғаларлық жайт. «Терең ой, терең ғылым іздемейді»; «Ынсап, ұят, терең ой, ойлаған жан жоқ, жауып қой»; «Малда да бар жан мен тән, ақыл, сезім болмаса, тіршіліктің несі сән, тереңге бет қоймаса»; «Терең ойдың телміріп, соңына ермей», адамның ісі бітер ме?» – дейді Абай. Мұндай талапқа сол кездің адамдары түгіл, бүгінгі заманның адамдары да жауап бере алмас.

Абайды біз өз уақытын басып озған данышпан деп айта аламыз.

Адам болудың, өсіп жетілудің тағы бір шарты – қанағат. Ежелгі грек, үнді, қытай ойшылдары құмарлықты, нәпсіні жеңуге, сөйтіп, адамның өзін-өзі билеуіне көп мән береді. «Адамның ең қиын жауы – оның өзі» дейді үнді даналығы. Қанағат қылу Абай үшін де адамның асыл қасиеті болып табылады. Қанағатшылдық қазіргі нарық заманында да керек-ақ. Қанағат, рақым, ынсап, ұят болса, елімізде жемқорлық осылай жайылып кетер ме еді? Бүгін де Абайша айтуға болады: «Бар ма екен жай жүрген жан қанағатпен, Құдайдың өз бергенін жеп көрем деп?».

Абайдың поэмасындағы Ескендір патшаға қаратып: «Мықтымын деп мақтанба, ақыл білсең, мықты болсаң, өзіңнің нәпсіңді жең» деуі де – өмір көрген дананың түсінігі.

Философияның басты нысанасы – адам. Нағыз философия адам танумен, адам жұмбағын шешумен айналысады. «Адам деген – құпия сыр, – деп жазады көрнекті орыс ойшыл-жазушысы Ф.М.Достоевский, – бұл құпияны ашу керек... Мен бұл құпияның сырын ашуға тырысамын...». Неміс философы Канттың пікірінше, философияның негізгі міндеті – адамға адам болып өмір сүруді үйрету, адамның дүниедегі орнын көрсету.

И.Канттың адам туралы ілімінің – антропологиясының бір сұрағы – «Мен неге үміт арта аламын?». Оған ол: «Бәріне де, тіпті Құдайға да үміт артуға болады. Бірақ түбінде бәрі адамның өзіне келіп тіреледі», – деп жауап береді.

-Осындай күрделі сауалға нақты жауапты Абай ілімінен де табуға бола ма?

-Әрине. Бұл да Абай ілімінің әлемдік философиямен ұштасып жатқандығының бір көрінісі:

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап.

Абай даналыққа, даналықты жеткізетін сөзге, іске, мінез-құлыққа ерекше мән береді. Абай даналықты танып, бағалайды. Абай іліміндегі даналық – теориялық топшылау емес, адам болып өмір сүру тәсілі.

Даналықтың түйіні, нақты көрінісі – түсінік. Адамға қатысты нәрселердің бәрін Абай терең түсінеді. Абай ілімінде адам туралы, «адамның кейбір кездері» туралы, дүние, өмір, ар-ұят, жақсы-жаман қылықтар, махаббат, достық, білім-ғылым туралы таңғажайып түсінік бар. Ондай түсінік оқудың барлық жолдарынан өткен бүгінгі адамдарда жоқ.

Қазір біз «қазіргі адамдарда түсінік шамалы» деген сөзді жиі естиміз. Мұның бір себебі – ғылымға көбірек үміт артқандық. Ғылымда таным бар, түсінік жоқ.

Түсініктің ғылымға қажеті де жоқ. Атақты неміс философы М.Хайдеггер айтады: «Наука не мыслит». Ғылымды қызықтыратын нәрсе – объект, әр алуан табиғат және қоғам құбылыстары. Бұларды танып-білудің өзі жеткілікті. Философияның көздейтіні – адам. Ал адамды танып қою аз, түсіну керек.

Абай сөздеріндегі түсінік өмірден, тарихтан, адамдардың сөзін, ісін, мінез-құлқын, қарым-қатынасын көріп-біліп, пайымдап, ой елегінен өткізуден туған.

Абайда толық адам туралы жан-жақты ойластырылған ілім бар. Адам қалай толық, жетілген тұлға болады? Абайдың жауабы қысқа, қысқа болса да нұсқа: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек», – дейді. Тағы бір жерде: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек», – деп өз ойын нақтылай түседі. Адамның басқа қасиеттері осыдан шығады. «Адамзатқа не керек? Сүймек, сезбек, күйінбек, харекет қылмақ, жүгірмек. Ақылмен ойлап сөйлемек», – деп, Абай ақыл, қайрат, жүректің қалай іске асатынын көрсетеді.

Батыс философиясында ақыл туралы көп айтылады. Қайратқа, практикалық ақылға, дүниені өзгертуге көп мән беріледі. Бірақ классикалық, ғылыми философияда жүрек туралы сөз болмайды. Тек бір тамаша ойшыл Блез Паскаль таным құралдарының қатарына ақыл, парасатпен бірге жүректі қосады. «Біз ақиқатты ақыл арқылы ғана емес, жүрек арқылы да тани аламыз» – деп жазады. Жүрек нені тани алады? Сыртқы дүниені ме? Жоқ. Адам өмірінің қырлары мен сырларын.

Абайдың даналығын, тереңдігін адам өміріндегі жүректің ерекше рөлін ашып көрсетуінен аңғаруға болады. Бұл арада біз тағы да Абаймен бірге әлемдік философия деңгейіне шыға аламыз. Абайда даналық деген атына сай келетін нағыз философия бар екендігіне тағы да куә боламыз.

Бір ғажабы – Абай ақылды, қайратты жүрекке бағындырып қояды. Бұлар «өзімбілемдікке», «әлімжеттікке» салынып, көп нәрсені бүлдіруі мүмкін. Адам өмірінде бәрі жүректің әмірімен, қалауымен болады дейді. Құдайды қалайтын – жүрек. Адамды адамға қосатын – жүрек. Махаббат та, достық та – жүректің қалауы. «Әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық» – бәрі де жүректен шығады (он жетінші сөз). «Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі. Ар-ұяттың бір ақыл күзетшісі» – деген де Абай.

Абай ақылдың жайын терең түсінеді. Ақылды адам сөзге ден қояды, сөзді ұғады. Ақылсыз адам, керісінше, «сөзге ынтасыз» болып келеді. «Қарны тоқ, қаса надан ұқпас сөзді, Сөзді ұғар, көкірегі болса көзді...» – дейді. «Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса» деп, Абай замандастарын ашық әңгімеге шақырады. Бірақ оны тыңдап, түсінер адам табылмайды. Ал қазір ше? Абайды оқып, түсінер адам табыла ма? Табылар деп үміт артамыз. Әсіресе, кейінгі жастар Абайды оқып, түсінсе, жолы ашыла түсер еді.

Қорыта айтқанда, Абай ілімі ұшан-теңіз. Бір сұхбат түгілі, тұтас энциклопедияда Абай ілімін тұтас қамтып шығу мүмкін емес. Біздікі, Мұхтар Әуезов айтқандай, «мұхиттың бір тамшысындай» ой бөлісу. Абайдың 175 жылдығына орай елімізде үлкен шаралар басталып жатыр. Ендеше, Абай жылында, одан кейін де біз ұлы ақынды барынша толық түсініп, оқып-зерттеуге тиістіміз. Егер данышпан ақынның айтқан сындарынан дұрыс қорытынды шығарып, ар ілімін игеріп, даңғыл жолға түсе білсе, еліміздің де даму деңгейі, мұрат-мәртебесі жоғары болар еді.



Соңғы жаңалықтар